«Мәңгілік ел» мега-акциясы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мәңгілік ел» мега-акциясы басталды

13.02.2014
«Мәңгілік ел» мега-акциясы басталды
Елімізде «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын қолдауға арналған мега-акция басталды. Шараның ұйымдастырылуына Шығыс Қазақстан облысы ұйытқы болып отыр. 
 
Асқақ Алтай өңірінен бастау алған форум-эстафета еліміздің барлық аймақтарында жалғасын тауып, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астанада аяқталады.
 
Шығыстың бас шаһары Өскеменде өткен акцияға Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров, Асанәлі Әшімов, Несіпбек Айтұлы сияқты есімдері елімізге кеңінен танымал тұлғалар қатысты.
 
Өскемендегі жекпе-жек сарайына 3 мыңға жуық адам жиналды. Негізінен жастар, ардагерлер, кәсіпорындардың еңбек ұжымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері.
 
Олар «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға барынша үлес қосатындарын жеткізіп, құрметті қонақтардың лебіздерін тыңдады. Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа арнайы кітапты табыс етті.
 
«Мәңгілік ел» идеясына қатысты тілектер жазылатын кітап 14 облысты айналып шығып, жыл соңында Елордаға жеткізіледі. Бірінші болып кітапқа Олжас Сүлейменов пен Асанәлі Әшімов пікір жазды.  
 
Несіпбек Айтұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Мәңгілік ел болу үшін біздің, болашақ Қазақ елінің асар асулары, өтер еткелдері өте асқақ және биік болу керек. Мына ұлы бастама құтты болсын дегім келеді. Оның үстіне біздің Шығыс Қазақстаннан басталуы, биік асқар Алтайдан басталуы көңілге қуаныш ұялатады.
 
Акция аясында, Шығыс Қазақстан облысының басшылығы аймақтағы ірі өндірістік кәсіпорын жетекшілерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
 
Маңызды құжатқа сәйкес, «Қазмырыш», «Үлбі металлургиялық зауыты» және «Өскемен титан-магний комбинаты» әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөледі.
 
Никола Попович, «Қазмырыш» ЖШС-ның басқарма төрағасы:
Тек әлеуметтік насандарды салу үшін біз 1,5 миллиард теңге бөліп отырмыз. Бұдан бөлек, компаниямыздың кен өндіру комбинаттары орналасқан Зырян және Риддер қалаларында бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асырамыз. Өскемен қаласында заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталатын жаңа диагностикалық орталықтың құрылысын қаржыландырамыз. Бұл орталықта облыстың барлық тұрғындарына медициналық көмек көрсетіледі. 
 
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша меморандумдар бекіту Шығыс өңірінде 2007-ші жылдан бері дәстүрлі шараға айналған. Биыл меморандумның жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден асты.
 
Шара соңында облыстағы шығармашылық ұжымдар концерт қойып, жас әншілер патриоттық әндер шырқады.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу