Мектеп маңайында ішімдік сататындарға жаза күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп маңайында ішімдік сататындарға жаза күшейтілді

12.02.2014
Мектеп маңайында ішімдік сататындарға жаза күшейтілді
Мектептің маңайында темекі сатқан кәсіпкерге 15, арақты саудаға салғандарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сатушы да жазадан сытылып кете  алмайды. Заң талабы - осы. Бұл оқу орнынан 100 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан дүкендерге қатысты.
 
Заң нормаларының орындалуын анықтау мақсатында бүгін «Дүкен» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында №48 мектептің қасындағы дүкендерге рейд жүргізілді.
 
Бірақ, заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері сатушыларға заңды бұзған жағдайда қолданылатын жауапкершілік нормалары туралы түсіндіріп берді.
 
Сосын мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Балаларға «Салауатты өмір салты» орталығының маманы темекенің зияны жөнінде әңгімелеп берді. Айта кетейік, «Дүкен» жедел-профилактикалық іс-шарасы 16-шы ақпанға дейін жалғасады.
 
Азамат  Садықов, Астана қаласы Ішкі істер департаменті Ювеналды полиция бөлімінің басшысы:
Кеше бір жағдай анықталды. Ол бойынша, кәсіпкер алкаголь өнімдерін жасөспірімге сатқан. Дүкені мектептің маңайында бола тұра осылай жасаған. Қазір жеке кәсіпкерге әкімшілік іс қозғалып, сот қарауында жатыр.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу