Жамбыл облысы полицейлері халықаралық есірткі дәлізіне тосқауыл қойды. Тәртіп сақшылары қазақ-қырғыз шекарасын бұзып өткен шетел азаматынан 14 келі 800 грамм героин тәркіледі.
Есірткі толы сөмкені асынған 21 жастағы Қырғыз Республикасының азаматы Степное ауылы маңында қолға түсті. Ол таңғы сағат 5-тер шамасында шекара шебіндегі тікенекті сымды қолымен қиып, еліміз аумағына өткен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, есірткі Ауғанстанда дайындалған болуы мүмкін.
Сондай-ақ мамандар тәркіленген героиннің қара базардағы құны шамамен 240 мың АҚШ доллары болады деп отыр. Күдікті азамат қазір қамауда. Екі елдің полицейлері осы іске қатысы бар өзге де азаматтарды іздестіріп жатыр.
Шопырхан Жапабаев, облыстық ІІД Есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы:
Өтетін жерін анық білген жоқпыз. Бірақ, сол аймақ екені нақты болды. Сол себепті 3 топ құрылды. Басында көргенде қашпақ болған. Оның қашуына біраз кедергілер болды.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ