Ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің үш пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыру керек. Бұл Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттардың бірі. Расында соңғы уақытта өндіріс саласында бәсекеге қабілеттілік төмендеп, бірқатар өзекті мәселелер бой көтере бастады. Ал себеп ғылым мен өндірсті ұштастыра алмаудан. Яғни, қай салада болмасын технологияны жаңғырту қажеттілігі туындайтыны белгілі. Бұған ел ғалымдары қаншалықты үлес қоспақ?
Соңғы уақытта аймақтың өндірістік саласында даму көрсеткіші төмендеп кетті. Мәселен, бірде-бір кәсіпорын Павлодарда шығып жатқан ақ қалайыдан дайын өнім жасамайды. Ғалымдар тарапынан ұсынылған жобалар сызба күйінде қала берген.
Мерхат Сүйіндіков, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің Металлургия кафедрасының меңгерушісі:
Сұйық күйде келе жатқан алюминийді сол электролизден жалғастырып, сол күйінде өңдеп қою керек. Одан кейін сол алынған қорытпадан құйма бөлшектер жасау керек. Құйма бөлшектер дегеніміз әсіресе автокөлік, машина жасау өндірісінде керекті нәрсе. Ол да біздің Президентіміздің халыққа Жолдауында айтылған мәселелер.
Елбасы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру керек, деді. Бұл ретте павлодарлық ғалымдар ішкі нарықта ауыл шаруашылығына қажетті агрегаттар мен техника жасауды ұсынып отыр. Бүгін шөп шабуға арналған шалғының жаңа түрі жария етілді. 4 метр 20 сантиметрлік қос қырлы агрегат өте қарапайым жасалған. Бірақ жылдам, өнімділігі аса жоғары.
Руслан Мұқанов, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің Транспорттық техника және логистика кафедрасының аға оқытушысы:
Осы шалғыны жетілдіріп, тағы бір шалғыны қосып, 6 метрге дейін шөпті шабуға болады. Қазақстанда жасалған материалдардың элементтерін осы шалғыға 100 пайыз лайықтадық.
Бұл жоба іске асырылатын болса, Беларусь Республикасынан келіп жатқан шөп шабуға арналған техниканың қазақстандық фермерлерге керегі болмай қалады. Себебі, отандық өнім сапалы, әрі өзіндік құны арзан болмақ.
Қайырбек Селикано, жеке кәсіпкер:
Мынаны тракторға тіркеуге, жөндеуге, адам жетіп жатыр. Ауыл шаруашылығына өте керек нәрсе.
Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытта дамыту қажеттілігін Елбасы осы жолғы Жолдауында нақты тапсырған болатын. Сондықтан, отандық ғалымдардың жаңашыл жобалары өндірістік саланың дамуына үлес қосарына сенім мол.
Болат АМАНБАЕВ