Құнды жәдігерлер қоймада тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құнды жәдігерлер қоймада тұр

01.02.2014
Құнды жәдігерлер қоймада тұр

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы құнды жәдігерлерді сақтайтын орын таппай отыр. Қордағы 55 мыңға жуық экспонаттың 5 мыңын ғана жұртшылық наразына ұсынылса, қалғаны шаң басқан сөрелерде жатыр. Мұражай ғимараты ескі болғандықтан бөлме жетіспейді, қойма ешқандай талапқа сай келмейді.
 
 Шежірелі Сыр өңірінің тарихы терең. Оған облыстық мұражайда сақталған мынау жәдігерлер дәлел. Бірінші мыңжылдықтан бастап, әр дәуірдің қойнауына жетелер бұйымдар, құжаттар мен кітаптар ұзақ жылдардан бері көздің қарашығындай сақталып келеді. Мұражай қоры жылдан жылға көбейіп, қазір 55 мыңға жуық экспонатқа жетті.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Мынау қола дәуіріне жататын құнды жәдігер. Құмыраның сырты сол уақытқа сәйкес геометриялық меандр өрнектерімен безендірілген. Бұл былтырғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Шиелі ауданы Баланды тұрағынан табылған. Яғни, мұражайға алғаш рет қойылып отыр.
 
Ал мынау бірінші мыңжылдықтан сыр шертер кесе. Сапалы жасалған бұйым. «Жетіасыр» ескерткіш кешенінен табылған. Тарихы тым тереңде жатыр деуге болады. Мұражайға ертеректе табысталған. Бірақ, өкініштісі, бұл экспонат залында емес, қор сақтау бөлімінде құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұр.
 
 Бұл жердің қор сақтау бөлімі деген аты ғана. Заты ешқандай талапқа сай келмейді. Мұражайдың төріне орын алар құнды жәдігерлер тап-тар бөлмеде сіресіп тұр. Ал майда заттарды қызметкерлер өздері жасаған қорапшаларда, қалташаларда сақтайды.
 
Аманкүл Нұржанова, бас қор сақтаушы:
Мысалы, мынау топсалы білезік. Өте құнды дүние. Қазір жоқтың қасы. Сейфтің тарлығынан бөлек-бөлек қоюға мүмкіндік жоқ. Сол себепті біз арнайы қалталар тігіп, оның ішіне қапсырма, білезік, жүзік сияқты зергерлік бұйымдарды саламыз.
 
 Қойма ғана емес, тарихи мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қамқорлығына алынған мұражайдың негізгі ғимараты да сын көтермейді. Бөлмелер жетіспейді.
 
Жаннат Ахметова, облыстық Тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
14 зал болғанымен де, залдың тапшылығына, тарлығына байланысты кейбір экспонаттарымызды жалпылама қоюға мүмкіндік болмай отыр. Биыл енді облыстық бюджетке тапсырылыс беріліп, мұражайдың ішіне, жалпы реэкспозициялық жұмыстар жоспарлануда.
 
 Ал бұл жоспардың қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Белгілісі мұражай қызметкерлері осындай күрделі проблемаларға қарамастан, жұртшылыққа қызмет көрсетіп жатыр.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу