Мүгедек жолаушыларға ыңғайлы вагондар жасақталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедек жолаушыларға ыңғайлы вагондар жасақталуда

28.01.2014
Мүгедек жолаушыларға ыңғайлы вагондар жасақталуда
 

Елбасы биылғы Жолдауында мүгедектерге қамқорлық көрсету, олардың жұмыспен қамту мәселесін айтқан болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсатында жер-жерлерде пандустар орнатылып, инватаксилер қарастырылған. Енді мұндай азаматтар жүрдек пойыздарда да жүре алады. Жасақталған вагондармен діттеген жеріне қиналмай жететін болады.

 
33 жастағы Ардақ Отарбаев - 1-ші топтағы мүгедек. 2006 жылы жол апатына түсіп, арбаға таңылған. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өмірге деген құлшысы зор. Отбасы құрып, бір ұл тәрбиелеп отырған әке Халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етіп келеді. Жұмыс бабымен іссапарға да көп шығады. Сондықтан болар, ол арнайы жасақталған купені көріп, қуанып қалды.
 
Ардақ Отарбаев, I топтағы мүгедек:
Өзімізге ыңғайлы, бірінші рет көріп тұрмын. Ризамын осындай жасап шығарғанына. Елбасымыз өткен Жолдауда мүгедек жандарға көмек көрсету, жұмыспен қамтамасыз ету, жүріп-тұруына ыңғайлылық жасауы туралы айтты. Соның бірі осы ғой.
 
Бұл купелерде мүгедек пен оның жанындағы көмекшісіне лайықталған екі орын қарастырылған. Онда арнайы арбалар да бар.
 
Асылхан Қалдыкөзов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры:
Оның ерекшелігі вагондардың іші кеңейтілген. Мүгедектер арбамен вагонда жүре алады. Ең бастысы мүгедек азаматтар вагонға кірген кезде мүгедекті арбасынан түспей вагонға отырғызуға мүмкіндік қарастырылған.
 
Әзірге Астана-Алматы, Астана-Атырау, Алматы-Шымкент, Астана -Маңғышлақ секілді бағыттардағы пойыздарда мүгедектерге арналған купелер бар. Барлығы - 13 маршрутта.
 
Асылхан Қалдыкөзов, «Жолаушылар тасмалы» АҚ атқарушы директоры:
2020 жылға дейін мыңнан астам «Тұлпар -Тальго» вагоны сатып алынатын болады. Әр бағытта бір вагонның ішінде мүгедек азаматтарға мүмкіндік болады.
 
Ләззат Бектас, тілші:
Мүгедек жандар теміржол кассаларына барып, арнайы жасақталған купелерге билет ала алады. Ол үшін жолаушы мүгедектігін дәлелдейтін куәлігін көрсетсе болғаны. Осы санаттағы азаматтарға арнайы кассалар қызмет көрсетеді. Бірақ жолақы бағасы жалпыға бірдей сомадан аспайды.
 
 
 
Ләззат БЕКТАС

Хабарламаларға жазылу