Суицидтің алдын алатын диагностикалық кешен шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Суицидтің алдын алатын диагностикалық кешен шығарылды

28.01.2014
Суицидтің алдын алатын диагностикалық кешен шығарылды
 
Соңғы он жыл ішінде Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсайтын жастардың саны шамамен үш есе артқан. Әсіресе бұл іске 15 пен 19 жас аралығындағы азаматтар көп барады. Қоғамның осы дертін емдеу үшін елімізде «Ақ сұңқар» атты әмбебап психикалық-диагностикалық кешендер шығарылды.
 
Өз-өзіне қастандық жасаудан қаймықпаған жанның бірі - Әйгерім Шынтемірова. Бұл іске бір емес, екі рет барған. Десе де, су ішерлігі бар екен, бір қатерден қалды. Алайда 17 дегі қыз екінші топтағы мүгедек атанды. Қазір бойжеткеннің өкініштен өзегі өртенеді.
 
Әйгерім Шынтемірова, Астана қаласының тұрғыны:
Мен көп ауыртпалық көрдім, көп қиындықтарға ұшырадым. Мектепте оқып жүрген кезде менің отбасылық жағдайымды мазақтап, оқушылар мені мүсіркеп жүрді. Оны мен ата-анама да айта алмадым. Осы қателігімді жастар қайталамаса екен деп ойлаймын.
 
Балалар арасындағы суицид саны жөнінен Қазақстан Ресей және Албаниядан кейін үшінші орында. Мына бір көрсеткішке көз салыңыз, 2011 жылы елімізде 257 суицид тіркелсе, 592 адамның өміріне өзгелер араша түскен. 2012 жылы 200 ден астам суицид орын алыпты. Мамандардың пікірінше бұл санның артуына ата-аналар да айыпты. Жұмысбасты жандар ұрпағына көңіл бөлуден қалған.
 
Ал ғаламтордың қастығы өз алдына. Өзіне дос етеді, экранға телміртеді, содан өмірмен қоштасу жайында ұсыныс жасайды. Қазір ғаламтор беттерін ашып қарасаңыз, суицидтің түрлі тәсілдері, оны қалай жүзеге асырудың жолдары жетеді. Ең бастысы жас шектемейді.
 
Әлия Кенжебекқызы, психолог:
Қазір жастар Батысқа көп еліктейді. Түрлі кинолар бар, осыған жасөспірім кезден еліктеушілік пайда болады.
 
Қоғам індетімен күресудің бір жолын біздің ел мамандары мықтап қолға алмақ. Әмбебап психикалық-диагностикалық кешен шығарды. Оның көмегімен жасөспірімдердің психологиясын тексереді. Сол арқылы өмірден түңілген, өлімді ғана ойлайтын жанның ішкі сырын білуге болады. Мұндай кешен орта есеппен 900 мың теңге тұрады.
 
Марат Құрманов, Астана қалалық СӨСҚО директоры:    
Бұл компьютерлік бағдарлама көптеген психологиялық тесттерден құралған. Кешенде барлығы құпия түрде сақталатын болады. Айта кетерлігі, аппаратпен жұмыс істейтін психологтар арнайы дайындықтан өтеді. Яғни, олардың сертификаттары болу керек. Қазір осы мамандарды дайындау жұмысы жүріп жатыр.
 
Мамандар пайымы мұндай әмбебап кешен арқылы суицидтің 50 пайызға дейін алдын алуға болады деп отыр. Алайда олар тек Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен елордада ғана бар. Қыршынынан қиылғандар санын азайту мақсатында жасалған бұл қадамның нәтижесін уақыт көрсетеді. Әйгерім Шынтемірова сияқты опық жеп қалмауға ниеттенгендер енді осы құралдың көмегіне жүгіне алады.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу