Ауыл кәсіпкері жеңілдетілген несие алып, фотосалон ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл кәсіпкері жеңілдетілген несие алып, фотосалон ашты

28.01.2014
 
Теріскейдегі Кішкенекөл ауылының тұрғыны Қайырболат Сәрсембаев - бақытын еңбектен тапқан жан. Денсаулығында кінәраты болса да, жәрдемақыға телмірмей өз шамасынша әрекет етіп жүр. Іскер жігіттің қарап отырмай өз кәсібін ашуына «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының шарапаты тиді. Соның арқасында жеңілдетілген несие алып, фотосалон ашты. 
 
Қайырболатты жерлестері жақсы таниды. Өйткені онсыз өтетін той-томалақ ауданда кемде-кем. Бейнекамерасын асынып, қуанышты сәттерді таспаға жазады, суретке түсіреді. Шығармашылыққа бейім жігіт осылайша сүйікті ісін кәсіпке айналдырды.
 
Қайырболат Сәрсембаев, кәсіпкер:
1 миллион 200 мың теңгені 6 пайызбен несиеге алдық. Фотоаппарат, видеокамера алып, жұмыс істеп жатырмыз. Одан басқа фотоальбомдар, фоторамкалар алдық, қазіргі заманда керек. Қазір мектептерге портфолио, слайдтар жасап жатырмыз.
 
Бүгінгі күні Қайырболаттың өзінің фотосалоны бар. Көптен бергі арманы орындалды. Балаларымен бірге отбасылық бизнесті бастап та кетті. 2 топтағы мүгедек болса да, ешкімге алақан жайып қарап отырмайды. Керісінше тындырымды тірліктерімен жерлестеріне үлгі көрсетіп жүр.
 
Аман Төрегелдин, Уәлиханов ауданының әкімі:
Біздің ауданымызда барлығы 559 мүгедек бар. Бұл барлық тұрғындардың 3 пайызын құрайды. 2013 жылы олардың 17-сі жұмысқа орналастырылды.
 
Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында мүгедектер туралы - «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», - деп атап көрсетті. Бұл үндеу мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге құлшыны шектеусіз жандардың үміт шырағына айналды.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу