Басшы жұрттың жалақысын бермей қашып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Басшы жұрттың жалақысын бермей қашып жүр

25.01.2014
Басшы жұрттың жалақысын бермей қашып жүр

Атыраудағы «АСД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүзге жуық жұмысшысы бірнеше ай бойы маңдай терімен тапқан еңбекақыларын ала алмай сенделіп жүр. Жұртты құрғақ уәдемен қарық қылып келген мекеме басшысы жеме-жемге келгенде тайқып кеткен. Дауға құқық қорғау органдары араласып, істі жұмысшылардың пайдасына шешіп берді. Алайда, сот алдында барлық қарыздарды түгелдей қайтаратыны туралы мәлімдеген серіктестік директоры бірнеше айдан бері бой тасалап, қашып жүр.

 
Сот шешіміне сәйкес, мекеме басшысынан 2013 жылдың маусым, шілде айларында жұмысшылардың еңбекақысы өндірілуі тиіс болатын. Алайда, серіктестік директоры соттың өзін алдап, қашып кетті. Қызметкерлер жалақыларынан бөлек, еңбек демалысына берілетін қаржыдан, жұмыстан айрылуына байланысты өтемақыдан де қағылған. Сондай-ақ, 2012 жылдан бері олардың зейнетақы қорына да ақша аударылмаған. Кейбіреулері тіптен жұмыстан заңсыз қысқартылған.
 
Сырым Дәулетов, ЖШС жұмысшысы:
Шынымды айтқанда, банкомат карточкамның нөмерін ұмытып қалдым. Жыл бойы ақша жоқ. Басшымыз жоқ. Біреуі 6 ай, екіншісі 3 ай болды жұмысқа келмегелі. Арызға қол қоятын адам жоқ.
 
Николай Мұқашев, ЖШС жұмысшысы:
Маған еңбекақың сақталады, бірақ демалысқа шығуға арыз жаз деді. Жазамын, бірақ заң бойынша елу пайыз ақшамды төле, дедім. Мен сені қысқартамын деп, мені жұмыстан қысқартты. Менің жасым 59-да. Заң бар, жасы 55-тен асқан, зейнет жасындағы адамды жұмыстан шығаруға болмайды деген.
 
Атырау облыстық сот актілерін орындау департаментіне 89 жұмысшының еңбекақысын өндіру туралы қаулы өткен жылдың аяғында келіп түсті. Әзірге, серіктестік басшысын табу мүмкін болмай отыр. Ал, мекемеге тиесілі мүліктер банкке кепілдікке қойылғандықтан, тәркілеуге жатпайды.
 
Мұратхан Қалыбеков, Облыстық сот актілерін орындау департаменті бөлімінің басшысы:
Лысенко Татьянаны табу қиын болып тұр. Атқару парағы негізінде «АСД»-ның мүліктері анықталып отыр. 7 автокөлік, Атырауда орналасқан жұмыс жасау базалары және кеңселері бар. Анықтау барысында «Нұрбанк» АҚ-да кепілдікте тұрғаны анықталды.
 
Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Салават Ищайдың айтуынша, «АСД» ЖШС-ның директоры 17 миллионнан астам теңге берешек. Егер қылмысы дәлелденсе, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.
 
Салават Ищай, Облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
Біздер облыстық прокуратураға және облыстық Ішкі істер департаментіне хат жолдап, «АСД» компаниясы басшыларына қылмыстық іс қозғалды.
 
Мекеме жұмысшыларының тағы бір проблемасы - олар бұл жұмыстан заң жүзінде қалай кетуге болатынын білмейді. Өйткені, олармен келісімшарт бұзылмаған. Жұмыстарынан заңды түрде шығарылмаған.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу