Түркиядан Қазақстанға заңсыз тауар тасымалдаған ірі контрабандалық топ қолға түсті. Кедендік бақылау комитетінің қызметкерлері заңсыз тауар тиеген 7 автофура мен 9 теміржол вагонының жолын кесті. Онда жалпы құны 116 миллион теңгелік құрылыс материалдары болған.
Қылмыстық топ тауарды жалған құжатпен өткізбек болыпты. Кедендік төлемдер мен салықтан жалтару үшін арнайы жоспар да құрған. Декларацияда тауардың атауын, көлемін, құнын азайтып көрсеткен.
Кедендік бақылау комитеті мамандарының айтуынша, соңғы жылдары «жалған транзит» тәсілімен заңсыз тауар тасымалдайтындар қатары да артып келеді.
Ерден Жұма, Кедендік бақылау комитетінің бөлім бастығы:
Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында қалдыруға болмайды. Транзиттік ресімделгендіктен, ол Қазақстан аумағы арқылы өтіп кетуі керек. Соңғы жеткізілу орны - Қырғыз Республикасы. Алайда, бұл тауарлар Қазақстанның аумағында түсіріледі де, орнына құм тасымалданады.
Шынар АСАНҚЫЗЫ