«Синергия: ғылым, бизнес және қоғамды бірлестіру». Бүгін осындай атаумен Алматыда алқалы форум өтті. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған шараға 500-ден аса ғалым және бизнес өкілдері қатысып, елдегі ғылым мен технологияны 2030 жылға дейін дамыту мәселелерін талқылады.
Яғни, Қазақстан үшін аса маңызды 8 басым бағыт бойынша ғылыми негіздегі өркендеу мәселесін ортаға салды. Форум аясында алғаш рет Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен «Жүйелі анализ және ғылымды болжамдау» жобасы бойынша өткізілген форсайт-зерттеудің нәтижелері жарияланды.
Айта кету керек, форсайт стратегиялық шешімдер қабылдау әдістемесі 1970 жылдардан Жапония, Оңтүстік Корея сынды технологиялық көшбасшы елдерде енгізілсе, бізде 2011-жылдан қолға алынды.
Тахир Балықбаев, ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi:
2011 жылдан бері біздің ғалымдар бүгінгі ғылымның ахуалын анықтап, өркениетті елдер бет алған бағыттарды зерттеді. Әрі осы жолға жетудегі өз ғалымдарымыздың мүмкіндіктерін ескере отырып, 8 есептен тұратын арнайы құжатты ұсынды. Бұл аз еңбек емес, осы нәтижелерді ескере отырып, біз елдегі ғылымның дамуын білеміз. Яғни нақты қай салаға грант бөлу керек, қай саланы қаржыландыру керек екендігін болжай аламыз. Бұл істе ғалымдар ғана емес бизнес өкілдері де көмекке келсе, ұтарымыз мол болмақ.
Жазира ИСАЕВА