Лондонда қамауға алынған қазақстандық спортшы Азамат Теңізбаев толық ақталып, елге оралды. Істі жарты жыл қараған ағылшын соты оған тағылған айыпты түгел жоққа шығарды. Бүгін Азамат пен оның қасында алты ай бойы бірге болған анасы журналистермен арнайы кездесті.
Естеріңізде болса, өткен жылдың шілде айында Мексикадағы Әлем чемпионатынан қайтып келе жатқан Азамат Теңізбаев «өзге елдің азаматшасына қол жүгіртті» деген айыппен ұсталған болатын. Таэквондо федерациясы басшысының айтуынша, істің насырға шабуына ағылшын тарапынан берілген адвокаттың ашкөздігі себеп болған. Ол тиісті ақысын алу үшін, істі тезірек жабуға тырысқан.
Азамат Теңізбаев, таэквондодан Қазақстан құрамасының мүшесі:
Қалай болатынын түсіндірген жоқ. Сен егер де мойындамасаң, мынау кіші сот, жоғарғы сот емес, мойындамасаң 5 ай түрмеге жабады деп айтты. Сол жақта сотты күтесің, кінәңді мойныңа ал, сонда елге жібереді деді.
Азаматтың басын арашалап қалу үшін отбасы барын саудаға шығарыпты. Ең аяғы пәтерін сатқан. Адвокаттың ақысы, кепілге қойылған сома, одан өзге жүріп-тұруы бар, қысқасы Лондонда өткен алты айда спортшының отбасына 60 мың АҚШ доллары көлемінде шығын келген. Бірақ, Федерация басшылығы шығынды түгел өтеп беретінін айтып отыр. Ал, Азамат екі апталық демалыстан кейін спортқа қайта оралмақ.
Шынар АСАНҚЫЗЫ