Түркістандық полицейлердің еңбегі үлгі тұтарлық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық полицейлердің еңбегі үлгі тұтарлық

20.01.2014
Түркістандық полицейлердің еңбегі үлгі тұтарлық

Түркістан қаласында соңғы  екі жылда қоғамдық тәртіпті қадағалауға жіті назар аударылып келеді. Бұрындары бұл шаһарда қылмыстық ахуал қиын еді, әсіресе, түнгі мезгілде тұрғындар тіпті көшеге шығудан қорқатын.

 
Ұрлық, тонау, жастар арасындағы төбелестерді тыюға сол уақытта полицияның қауқары жетпеді. Қазір жағдай басқа. Қалада тірек пункттері көбейді, мемлекеттік қолдаудың арқасында тәртіп сақшылары заманауи құрал-жабдыққа қол жеткізді.
 
Шаһардағы жағдайды қазір күні-түні бейнекамералар бақылауда ұстауда.
 
Бұрын Түркістанның тентегі мен бұзақысы көпшіліктің күндіз мазасын алып, түнде тыныш ұйықтатпайтын. Мұның алдын алу үшін қалада жаңадан 12 тірек пункті мен екі  стационарлық бекет бой көтерді.
 
Тәртіп сақшыларының қолы жаңа техникаға жетіп, заманауи технологияларды игерді.Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері де полицейлермен тығыз байланыста жұмыс істей бастады.   
 
Нәліхан Шотаев,  қала тұрғыны:
«Күндіз Түркістан, кешке Ауғанстан» деген  құлаққа түрпідей естілетін атақ та болды. Қалайда осының алдын алуымыз керек. Ол үшін кезекшілік ұйымдастыру, халықтың тыныштығын қорғау  мәселелері жиі көтеріле бастады. Қазір нәтижесін беріп отыр.
 
Полиция қызметкерлеріне да қойылатын талап күшейді. Жұмыс орнында олардың әр қимылын бейнекамералар бақылайды. Жеке құрам жемісті еңбек етуі үшін жаңа автокөліктер алынды, қолда бар құрал-жабдық жаңартылды.
 
Серік Шалқаров, Түркістан қалалық ІІБ бастығы:
Қылмыстардың ашылуы артты. Жасөспірімдер қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға азайды.
 
Полицейлерге жасалған бұл жағдай қаладағы қылмыстық ахуалды жақсартты. Әсіресе, ауыр қылмыстар мен ұрлық, тонау, бұзақылық фактілері азайды. 
 
Ерлік Кененбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Түркістан қалалық ІІБ тәжірибесін біз Республика бойынша таратамыз ба деген ойымыз бар. Оперативтік жағдай түзеліп, заң бұзуға жол бермейміз деген сенімдеміз.
 
Аймақтағы өзге аудандардағы полицейлер де енді осылайша еңбек етулері керек. Халықтың полицияға деген сенімін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауда жемісті жұмыс жүргізу - уақыт талабы.   
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу