Мекеме басшысы парамен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мекеме басшысы парамен ұсталды

17.01.2014
Мекеме басшысы парамен ұсталды
Атыраулық қаржы полицейлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының басшысы Амантай Ербозовты парамен ұстады. Ол қарамағындағы 2 азаматтан қызмет сатысында өсуге жағдай жасаймын деп 30 мың теңгеден пара алды деген күдік бар. Сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлеріне қысым көрсетіп, сыйақыға бөлінген қаржының тең жартысын жасырған. Тексеріс жұмыстарын жүргізген қаржы полициясының қызметкерлері мекеме басшысының мемлекет мүлкін өз пайдасына жаратып келгенін де анықтады. Дәлірек айтқанда, ол іс-сапарларға билетті ұшаққа алынды деп құжат толтырып, өзі пойызбен жүрген. Ал, артылған 500 мың теңгені жеке қажеттілігіне жаратқан. Бұған қоса, мекемеге бөлінген жанар-жағармай мен автокөлік бөлшектеріне де сұқ қолын сұқты деп айыпталуда. Естеріңізге сала кетейік, Батыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына қызмет көрсетеді.   
 
Заңғар Заңқанов, облыстық ЭҚСЖҚК департаменті басшысының орынбасары:
Бүгінгі күні батыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы басшысына қатысты пара алды деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 311-бабының 4-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу