Ауылда баннер шығаратын цех ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылда баннер шығаратын цех ашылды

16.01.2014
Ауылда баннер шығаратын цех ашылды

Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көмегімен жеке кәсіптерін ашқандар күн санап көбейіп келеді. Мемлекет берген мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білгендердің бірі - Көкпекті ауданының тұрғыны Бахыт Рахимов. Ол, досымен бірлесіп, өз ауылында баннер басып шығаратын шағын цех ашып қойды. Қазір бірнеше адамды жұмыспен қамтып, қызу жұмыс істеп жатыр.

 
Бахыт Рахимов бұған дейін аудандық газетте дизайнер болып жұмыс істеген. Жерлестерінің баннер жасату үшін қалаға сабылып жүргеніне сан мәрте куә болыпты. Ойлана келе, осындай баспахананы өз ауданында ашуға бел буады.
 
Досымен бірлесіп, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге несие алған. Бұл қаражатқа баннер басып шығаратын қондырғы және басқа да қажетті материалдарды сатып алып, таяуда жұмысын бастап кетті. Бүгінде Көкпекті және көрші аудандардан түскен тапсырыстарды орындап жатыр. 
 
Бахыт Рахимов, кәсіпкер:
Ақырындап Тарбағатай, Жарма аудандарынан адамдар келіп жатыр. Өзіміздің Көкпекті ауданы өте үлкен. Жұмыс бар, бәрі жақсы, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аудандардағы істеймін деген адамдарға үлкен көмек.
 
Баспахана иелері, өздерінен бөлек, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы 60-70 мың теңге. Жылдық үстемеақысы 9 пайызбен берілген несие 5 жылда қайтарылады.
 
Мұндай қызметтің ашылғанына аудандағы бюджеттік мекемелер де, қарапайым тұрғындар да қуанып жатыр. Өйткені, тапсырыс тез орындалады, артық жол шығыны жоқ әрі баннердің бағасы да, қаламен салыстырғанда, қалтаны қақпайды.
 
Бек Нұғыбаев, аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Кез келген мекемелер, мектептер түрлі шаралар өткізу кезінде, бұл жерде тапсырыс беру өте ыңғайлы. Жедел әрі сапалы жасап шығарады.
 
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша былтыр Көкпекті ауданына 765 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы толық игерілді. Қарапайым ауыл тұрғындары түрлі салада кәсіп ашуға, жаңа мамандықтарды меңгеріп, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Жоғары оқу орындарының жас түлектері де, осы жобаның көмегімен жұмысқа орналасқан.
 
Райхангүл Баймолдина, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының қолдауымен жұмысқа орналасты. 2013 жылы жоспар 15 адамды құраған, оның ішінде 13 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
 
Ал баспахана ашқан Болат Рахимовтың алдағы уақытқа жоспары көп. Баннерден бөлек, сыртқы жарнама саласындағы басқа да өнімдерді шығарып, жұмысшылар санын көбейтуді көздеп жүр.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу