Алматы барахолкасы басқа жерге көшірілмейді, өз орнында қалады. Бірақ, бұрынғыдай Розыбақиев көшесінің екі қапталын жайма базарға айналдырған бықсық базар емес, осы заманғы сипаттағы сауда орталығына айналады. Осыған дейін қара бастарының қамын күйттеген базар иелері құр дау-дамаймен уақыт оздырған.
Бірақ, құр қарсылық ілгеріде бекітілген қаланың Бас жоспарын бұза алмады. Жергілікті биліктің заңды амалына көніп, жерді босату жөніндегі сот шешімін орындауда.
Барахолка көшірілмейтін болды. Тек қызыл жолақта орналасқан, яғни, жолдың қос қапталындағы шектеулі 65 метрден асып орналасқан бірнеше базар сот шешіміне сай жерлерін босатады.
Таир Көшкімбаев, Сот актілерін орындау департаментінің аумақтық бөлімі филиалының жетекшісі:
Алматы қаласы Сот актілерін орындау департаментінің мүліктік емес сипаттағы талаптарды орындау бойынша қалалық бөлімінде 41 сот шешімі орындауда болған. Оның ішінде 34 сот шешімі толықтай орындалды. Және толығымен 5 барахолканың базарлары сүрілді. Және ол 41 сот шешімінің арасында 7 сот шешімі қазіргі күнге дейін орындалған жоқ. Сол бойынша атқарушылық іс-шаралар қолданып жатыр.
Орындалмаған сот шешімдері үшін межелі мерзім - алдағы қаңтар-ақпан айлары. Одан қалса, заң күшіне сай сүріледі. Орындарына заманға сай сәулеті келіскен сауда орталықтары салынады.
Жанат Айтілеу, Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының бірінші орынбасары:
Қазір базардың иелері де өздерінің базарларын қайта жаңғырту үшін сәулет-жоспарлау тапсырмаларын алып жатыр. Мысалы, «Алатау», «Болашақ», «Сауран» базарларының иелері сәулет-жоспарлау тапсырмасын алды. Сол жобаларын бекітіп алып, биыл бастаймыз деп отыр.
Енді сауда орталығының қақ ортасынан 10 жолақты жол салынады. 8-і транзиттік, 2-і базарға ішкерлей енетін жолдар. Алматы қалалық Автомобиль жолдары басқармасының жобалары бойынша көктемнен бастап, солтүстік айналма жолды кеңейту құрылысы басталады. 5 жерден жаяу жүргіншілердің өткелі, көлік тұрақтары салынады. Мегаполистің әр тарабынан барахолкаға кіріп-шығатын күрежолдар көбейтіліп, алматылықтар мен қонақтар үшін бар жағдай жасалмақ.
Жазира ИСАЕВА