Сөйтіп, қауіпсіздікті ескермей, діттеген жерімізге жетеміз. Бірақ, сол ескермеуден апатқа да ұшырап, аяғы қайғылы оқиғаға да айналып жатады. Күні кеше Алматыда 15 жастағы қыз таксистің қолынан қаза тапты. Мұндай жан түршілгерлік жағдаяттар кездесіп жатады.
Ал жеке таксидің құнын айтсаңшы?! Астана астана болғасын ба, аязды күндері таяқ тастам жерге 1000 теңгеге дейін сұрайды. Қара суықта қатып қалмайын деп қалтаңыздағы соңғы тиыныңызға дейін санап бересіз. Ал өзге өңірлерде қалай?
Әсем Изатқызы, тілші:
Астана - жас қала, бірақ бас қала. Сықырлаған аязда аялдамада автобус күтіп тұру мүмкін емес. Сондықтан, қазір таксистердің дәурені жүріп тұр.
Дәурен Дариябек, тілші:
Алматыда таксиге мінсеңіз, жаныңызға басқа адамдар мінгессе, еш ренжімейсіз, ығысып-ығысып мінгесіп кетесіз. Кептелістен шаршаған жұрт жүрісінен-тұрысы көп автобусқа мінгеннен гөрі, такси ұстай салады. Бағасы да арзан. Себебі, Алматыда екінің бірі таксист.
Алматы апортымен ғана емес, кептелісімен де белгілі. Таксиінің бағасы арзан, бір көлікке бірінің үстіне бірін мінгізіп, бірнеше адамды бірақ тоғытатын жайсыздығы болмаса.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Алло, Руслан, салем, жағдайың қалай? Бізде бәрі жақсы, жұмыстан үйге қайтып бара жатырмын қазір. Таксимен. Иә, бізде ең оңайы такси қызметін пайдалану. Қоңырау соғып арнайы шақыртсаң да болады, көшеге шықсаң да, екі көліктің бірі такси. Иә, бағасы өте арзан. Мысалы, менің үйім мен жұмыстың ара қашықтығы 4-5 шақырым, оған 300 теңге төлеймін.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Иә, Ақерке, ол жақсы екен. Біз көшеден такси тоқтатпаймыз, әр аялдамада таксистер тұрады топтасып. Жалпы, бағасы қымбаттау, бір аялдамаға 500 теңгеден. Қаладан Майқұдыққа барсам, 1500 теңге. Мен өзім диспетчерлік орталықтан шақыртам, такси арзандау болады, әрі қауіпсіздеу дегендей. Жақсы Акерке, мен такси шақыртып едім, келді.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Барлық Еуропа елдеріндегідей, Бельгияда да арнайы қоңырау шалып шақыртпасаңыз, көшеден такси ұстау мүмкін емес. Бос кетіп бара жатса да, тоқтамайды. Есесіне, шақыртқан таксидің жүргізушісі сіз барлық шаруаңызды бітіріп алғанша, міз бақпай күтіп тұралды. Өйткені, мұнда көлікке мінгеніңіз үшін - 500 теңге, ал әрі қарай минутына есептеледі. Егерде 10 минут жүрсеңіз, 4500 теңге төлейсіз. Сондықтан, үнемшіл еуропашылдар таксиден гөрі қоғамдық көлікпен жүргенді құп көреді.
«Эко такси» бізде де бар. Астана мен Алматы қалаларында жолаушы тасымалдайды. Алатау бөктеріндегі Алматыда 150-ге жуық ал, Арқа төсіндегі Астанада 100-ге жуығы бар. Сол елордадағы «Эко такси» 5 шақырымғы 600 теңге алады, одан ары қарай әр шақырымға 110 теңгеден төлеу тиіс. Алматыда болса, 6 шақырымға 750 теңге. Қос қаладағы осындай таксилердің санын 2017 жылға дейін 500-ге жеткізу жоспарда бар.
Абай Жолдаспаев, Дамыту және қызметкерлерді іріктеу департаментінің директоры:
Біз үшін ең бастысы - қауіпсіздік. Үміткерлер келгенде біз ең бірінші тексереміз, сотталмаған болуы керек, медициналық анықтамаларын алып келуі керек, олар өздері берген куәліктерін соңынан тағы бір тексеріп аламыз.
«Эко таксидің» бір ерекшелігі, мұнда жүргізушінің еңбек өтілі кем дегенде 3 жыл, әрі ешқандай да жол апатын жасамаған болуы тиіс. Экотаксистерге жасы 23-ке жетпеген қыздармен сөйлесуге тыйым салынады. Бұл да жолаушы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір амалы, ал жекеменшік компаниялар мен жабайы таксидегі амандығыңыз бір бөлек әңгіме.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ
Дәурен ДАРИЯБЕК
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
Нұрсұлу ҚАСЫМ