Көмірқышқыл газынан уланған бала қаза болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмірқышқыл газынан уланған бала қаза болды

10.01.2014
Көмірқышқыл газынан уланған бала қаза болды
Бүгін Қызылордада 6 жастағы бала көмірқышқыл газынан уланып, қайтыс болды. Ал күні кеше Қазалы ауданында бір отбасының 7 бірдей мүшесі иіс тиіп ауруханаға түскен еді. 
 
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, биыл газдан улану фактісі тым жиілеп тұр. Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде 18 адам дәрігер көмегіне жүгінсе, 5 адам қаза болған.
 
Облыстық балалар ауруханасына да күні кеше көмірқышқыл газымен уланған 4 бүлдіршін жеткізілді. Олар екі отбасының балалары. Ең кішісі бір жарым жаста, үлкенінің жасы - 6-да. Дәрігерлердің айтуынша, балақайларды ауруханаға әкелген кезде жағдайлары өте ауыр болған.
 
Зүлфия Мырзахметова, аурухананың бөлім меңгерушісі:
Қазір 4 науқастың да жағдайлары орташа. Әлі ем шаралары жүргізілуде. Тексерудің нәтижесіне қарай қосымша ем-домдар тағайындалады.
 
Қазалы ауданында болған оқиғадан зардап шеккендердің дені балалар. Арасында 1 жастағы сәби де бар. Олардың денсаулығын қазір мамандар жіті назарда ұстап отыр. Жалпы, өңірде биыл газдан улану фактісі жиілеп тұр. 
 
Айгүл Нұрманова, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:
Жыл басынан бері 10 адам көмірқышқыл газынан улану оқиғасымен ауруханада жатыр. Сондай-ақ, 5 адам қаза болды бүгінгі күнге дейін. Көп адам пешті пайдалануда қауіпсіздік талаптарын сақтамайды.
 
Тұрғындар өз өмірлеріне салғырт қарамаса, дейді мамандар. Сондықтан да, пеш жиі тексеріп, ақау болса, дер кезінде жөндеуге мән беру қажет. Қазір төтенше жағдай қызметі  жұртшылық арасында осындай насихат жұмыстарын кеңінен жүргізіп жатыр.
 
Ақерке  БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
 

Хабарламаларға жазылу