Семейде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының шеңберінде мамандық алып, біліктілігін арттырған азаматтардың саны артып келеді. Өткен жылы жоба шеңберінде 240 адам қаладағы кәсіптік-техникалық оқу орындарында қайта даярлаудан өтіп, білімін жетілдірген. Тек оқып қана қоймай, куәлік алған азаматтардың 80 пайыз бүгінде таңдаған саласы бойынша жұмыс тапқан.
Анар Байбекова бұрын жұмыссыздардың санатында еді. Қолынан іс келетін ісімер болса да, дипломның жоқтығы жұмысқа орналасуға қолбайлау болды. Дегенмен тығырықтан шығар жолды «Жұмыспен қамту-2020» жобасынан тапты. Өткен жылы бағдарлама аясында арнайы курсты оқып тамамдаған. Сөйтіп 6 айдан бері жергілікті тігін цехтарының біріне орналасып, еңбек етуде.
Анар Бәйбекова, тігінші:
Менің ойымша бұл өте жақсы бағдарлама және бізге ол өте қажет. Себебі біз сияқты адамдар мамандық алу үшін қайта оқуға түсіп жастармен жағаласып жүре алмайды гой. Ал осы бағдарлама аз мерзім ішінде мамандықты меңгеріп, жұмысқа тұруға көмектеседі.
Мамандықтың жоқтығынан түрлі кәсіпорындарда төмен жалақымен тек жалдамалы жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргендер де көп. Мемлекеттік бағдарламада ондай жандардың да жағдайы ойластырылған. Өткен бір жылдың өзінде Семейде 100-ден астам адам «Жұмыспен қамту-2020» жобасы арқылы оқып білім алып, кәсіпорындарға маман ретінде жұмысқа тұрды.
Тұрсынбек Шынжин, жұмыспен қамту орталығының директоры:
Жұмыс берушінің сұраныс бойынша, он айдың ішінде үш айын оқып, үш айда жұмыс бершінің мекемесінен тәжрибеден өтеді. Әрі қарай оқуын жалғастырады. Біткеннен кейін сол жерге барып жұмысқа тұрады.
Соңғы жылдары Семейде машина құрастыру саласы да қарқынды дамып келеді. Алайда маман тапшы. Сондықтан өндіріс орындарының сұранысына орай кәсіптік-техникалық оқу орындарында жұмыссыздар оқытылып жатыр. Дәл қазір әр сала бойынша 55 адам жаңа мамандықты игеруде. Мамандар жыл соңына дейін олардың саны екі-үш есеге дейін артады деп отыр.
Ержан ЖАҚЫП