Баланың бал күлкісіне бөленген шаңырақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баланың бал күлкісіне бөленген шаңырақ

09.01.2014
Баланың бал күлкісіне бөленген шаңырақ

Қызылордада бір отбасында бірнеше жанұяның баласы өмір сүріп жатыр. Ата-аналары басқа болса да, олар бір-бірін туған бауырдай көреді. Кішілері үлкенін сыйлайды, үлкендері кішісіне қамқорлық танытудан танбайды.

 
Ақмарал жолдасы екеуі алғаш рет 2009 жылы балалар үйінен 3 бала асырап алды. Оның біреуі - қыз бала бойжетіп, тұрмысқа шықты. Қазір ол өз отбасының түтінін түтетіп отыр. Ал Шәмшия мен Артем әлі Ақмаралдың тәрбиесінде.
 
Артем Завражин:
Спортқа қатысамын. Мақтау қағазы мен жүлделер алдым.  Сурет те саламын. Тәтемді анам сияқты жақсы көремін. Өмір бойы осы үйде қалғым келеді.
 
Бұлардан бөлек Ақмарал бір отбасының 4 баласын бағып-қақты. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді жетімдер үйінде жәудіретпей, қолына алып, отбасының жылуын сездірді.
 
Ақмарал Малбағарова, патронат тәрбиеші:
Қызға өзінің қателескенін түсіндірдім. Қазір шүкір жаман емес. Өзінің 4 баласын алды.
 
Ақмарал 5 жылдың ішінде 8 бейкүнә сәбиге аналық мейірім сыйлады. Екі қызды ұзатып, құтты орнына қондырды, 4 баланы ата-анасына қайтарды. Жақын күндері Шәмшия мен Артемді, өзі өмірге әкелген Қайратына серік болар тағы екі бүлдіршінді отбасына қоспақшы.
 
Ақмарал Малбағарова, патронат тәрбиеші:
Бала жетім болмаса екен деймін. Ата-ана баланы жақсы тәрбиелеп, жақсы көзбен қарап, бәрін үйрете білсе, елімізде жетім бала болмайды деп ойлаймын.
 
Өзі жас болса да, тумай жатып өмірдің ащы дәмін татқан балақайларға қуаныш сыйлап, аналық мейірімін төгіп, ерекше ықыласымен қамқорлыққа бөлеген Ақмаралдың бұл тірлігі көпшілікке үлгі боларлықтай. Оның аналық махаббаты жәутеңдеген жансыз жанарларды тірілтті, қатып қалған жүректердегі мұзды ерітті.
 
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу