Ғалымдар латын алфавитіне көшу мәселесін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымдар латын алфавитіне көшу мәселесін талқылады

09.01.2014
Ғалымдар латын алфавитіне көшу мәселесін талқылады
 
Қытай астанасында қазақстандық және Қытайдағы қазақ тілі жанашырларының дөңгелек үстелі болып өтті. Ғалымдар қазақ жазуын латын алфавитіне көшіру мәселесін талқылады. Мұндай жиынның Қытай жерінде өтуі кездейсоқ емес. Осындағы қандастарымыз кезінде латын алфавитін 20 жыл бойы қолданған. Қытай жеріндегі қазақ тілін зерттеу мен дамытуға еңбек сіңірген мамандар сол жазу үлгісімен сауат ашқан. Сондықтан да бұл игі істе көрші елдегі бауырларымыздың тәжірибесі молырақ.
 
Қытайдың Шыңжаң автономиялық округінде алғаш қазақ және ұйғыр жазуының латынша жобасы 1958 жылы жасалған. Бұл бастаманы көпшілік қолдап, 60-жылы латынша баспа құралдары шығарылды, аз ұлттар тілі мектептерде латын қарпімен үйретіле бастады. Бұл жобаны Қытай мемлекеттік кеңесі 1964 заң жүзінде бекітеді. Бұрынғы төте жазу түбегейлі қолданыстан шыға бастайды.
 
Алайда 1982 жылы латынды алып тастап, қайтадан төте жазуды қолданысқа енгізу туралы ұсыныстар айтылады. Себебі көп: төтеге үйренген буын жаңа жазуға үйрене алмады, латынша алфавитті жалпыландыру саясаты дұрыс атқарылмады.
 
Чжан Динчжин,  ҚОҰУ қазақ тілі факультетінің деканы:
Латынша жазудың қолдану мерзімі негізінен мәдени төңкеріс кезінде болды. Сондықтан , ой мына мәдени төңкеріс қате болғандықтан, мынау да қате болар деген танымға келді де, қайтадан төте жазуға көшті.
 
Қытайдағы аз ұлттардың латынға көшу жүйесі жетілдірілмеген болып шықты. Қытайлық және қазақстандық ғалымдар дөңгелек үстел барысында оның негізгі себептеріне терең үңілді. Қос жақ тарапынан латынша жазу үлгісінің түрлі нұсқалары ұсынылды. Біреуі түрік алфавитін негізге алайық десе, енді бірі ұлттық нақышымызды айқындайтын жаңа үлгі ойлап табуды ұсынды. Өзбек, әзірбайжан секілді бауырлас ұлттардың тәжірибесі де ескерілді. Алфавиттің неологизмдер мен ономастикаға тигізер ықпалын талқылады. Экономикалық, техникалық аспектілері де сөз етілді.
 
Мырзаберген Малбақов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:  
Қазір жоба көп. Сондықтан ҚХР қазақтары екі-үш жоба, Қазақстан  екі-үш жоба ұсынды. Негізгісі – кемшіліксіз жоба шығару.
 
Қазақстандық тіл жанашырлары латын алфавитінің жүзге жуық нұсқасын, олардың қытайлық әріптестері оншақтысын ұсынып отыр. Ғалымдар бір-бірлерінің пікіріне мұқият құлақ асып, алуан түрлі жобалардың санын қысқартудың жолдарын бірлесіп іздеуге келісті.
 
 
 Дәурен БАУЫРЖАН

Хабарламаларға жазылу