Сондай-ақ сұм соғыстың кесірінен өмірінің талай жылын айдауда өткізген жерлестеріміздің де тағдыр талайына қатысты мағлұматтар жинақталды. Өз бастамасымен жыл сайын ел аралап қайтатын ол бұл тірлігі үшін ешкімнен ақы сұраған емес.
Бекқұлы Әліұлының мамандығы - мұғалім. Тарих және алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген. Соғыс тарихын зерттеу сол ұстаздық етіп жүрген шағында басталған болатын. Кейіннен зерттеу ісіне барынша ден қойды. Алғашқы қолға алғаны Брест қамалын қорғаушыларға қатысты. Өйткені осы шайқасқа қатысқан қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері әлі күнге көпке беймәлім.
Ұзақ жылғы ізденістің арқасында ол тарихта айтылмай келген тағы 83 жерлесіміздің қамал қорғауға қатысқанын айғақтады. Осының негізінде арнайы кеңес бұл азаматтарға бүгінде осы мәртебені беруді қарастырып жатыр.
Бекқұлы Әліұлы, тарихшы:
Соғыстан кейінгі 60-шы жылдардағы деректер бойынша 4 мың жауынгер қамалда, қамалдың маңында әскерде қызмет етіп, соғысты қарсы алғанын деректедік. Сол төрт мың қазақстандықтың 56-ы ғана қамал қорғаушысы болып есептелінеді.
Бекқұлы ақсақал Брест қамалын қорғаудан бөлек, Ленинград, Орел, Курск түбіндегі ірі шайқастардың беймәлім тұстарын да тың айғақтармен дәйектеп жүрген жайы бар. Осы күзде «Әкелер даңқы жолымен» атты сапармен бірнеше қалаларды аралып, бауырластар бейітінде болды.
Бекқұлы Әліұлы, тарихшы:
Нәтижесінде 2 мыңнан астам жамбылдықтың Ленинград майданында қаза болған туралы деректер жинақтадым. Архивтен 500-ден астам жауынгердің қара қағазын таптым.
Ленинград және Новгород қалаларының азат етілгеніне қаңтар айында 70 жыл толғалы отыр. Осыған орай Бекқұлы қария жиған-терген деректерін жинақтап, мерзімді баспасөз беттеріне мақалалар топтамасын әзірлеп жатыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ