7 қаңтар - Рождество мерекесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 қаңтар - Рождество мерекесі

07.01.2014
7 қаңтар - Рождество мерекесі
Бүгін алматылық православтар да Вознесенский кафедралды соборына жиналып, мерекені атап өтті. Діни жоралғылары бойынша, олар, Иса пайғамбардың дүниеге келген күні шіркеуде болып, Жаратқанға мінәжат қылулары тиіс. Осы дәстүрден танбай, бүгін де олар Құдайға құлшылық қылды.
 
Таңсәріден шіркеуге бет алғандар алдымен мына жерден шырақ алады. Шырақты жағып, жаратқанға жалбарынады. Жүректеріндегі арман-мұраттарын жеткізеді. Ең басты тілек елінің тынышытығы мен бас аман, бауыр бүтіндігі. Бұл дұғалар Рождество күні орындалады деп сенеді. Солардың бірі - 64 жастағы Катерина Лукянова.
 
Катерина Лукянова, Алматы қаласының тұрғыны:
Рождествоның қадір-қасиетін бала күнімізден бойымызға сіңіргендіктен болар, мен үшін, бұл мейрам өте маңызды. Ел қатарлы біз де отбасымызбен ас-су әзірлеп, шіркеуге келеміз. Қасиетті орында жүрегімізді ізгілікке толтырып, адамзат баласына жақсылықтар тілейміз. Қолдан келгенше мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесеміз.
 
Адамдарға жақсылық тілеп, мейірімділік таныту, бірін-бірі кешіру - Рождествоның мән-мағынасы. Тарихты парақтасақ,  ұлық мереке осыдан 2000 жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталған. Міне, содан бері христиандар қаңтардың 6-нан 7-не қараған түнін діни мереке санайды.
 
Александр Суворов, Вознесенский кафедралды соборының діни қызметкер:
Бұл күн құдайға құлшылық жасайтын күн. Жаппай Тәңірге құлшылық жасаумен бірге өмірімізге қуаныш-шаттық кіреді, деп есептеймін. Түнде өткізілетін себебі - Иса пайғамбар жарық дүние есігін түнде ашқан. Сондықтан, храмдарда Исаны күтіп алу үшін, жиналамыз. Жалпы, әрбір адамның жүрегінде мейірім, сүйіспеншілік орнаса, елімізде әрқашан бейбітшілік болады.
 
Рождество мейірімділікке толы. Адамзат баласының жанын тазартып, болашаққа деген үмітін нығайтатын мейрам. Сондықтан, барша православтықтар бір-біріне жылы сөздерін айтып, ғибадатханаларда құлшылық етумен өткізеді.
 
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу