Қызылордада «Ақбұлақ» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қалаға қарасты Қараөзек ауылында су тоғанының іске қосылуы соның нақты бір дәлелі. Осы уақытқа дейін ішер су іздеп көше жағалаған тұрғындар үшін бұл жағымды жаңалық болды. Ал ауызсудың үй-үйге кіргізілуі тіпті үлкен-кішінің қуанышына айналды.
Қараөзек ауылындағы бас су тоғаны 1984 жылдан бері жөндеу көрмегендіктен әбден ескіріп, тозығы жеткен. Соның салдарынан тұрғандар біраз қиындық көрді. Суды тасып ішті немесе құдықтың ащы суын пайдалануға мәжбүр болды.
Шайзада Досанов, Қараөзек ауылының тұрғыны:
Біресе тесіліп су ағып кетеді, я немесе мотор күйіп кетеді, дұрыс істемей қалады, сонымен талай бейнет, қиыншылықтар көргенбіз.
Енді бұл кемшілік келмеске кетті. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа су тоғаны жаңғыртылып, жаңадан құбырлар жүргізілді. Сондай-ақ тіршілік нәрі әрбір үйге кіргізілді. Су жинау қоймасының сыйымдылығы артты. Бұрын мұнда екі текше метр су ғана жиналатын болса, қазір 5 текше метрге дейін жетті.
Роза Байтілеуова, Қараөзек ауылының тұрғыны:
«Ақбұлақ» бағдарламасына, Үкіметімізге рахмет. Су үйімізге кіріп тұр. Мұздай суы да, жылы суы да. Су тасымаймыз, су шығармаймыз, бәрі үйде.
Биыл тек Қараөзек ауылы ғана емес, Тасбөгет және Белкөл кенттерінің ауызсу жүйесі толықтай жаңаланды. Ауыз суға зәру 4 елді мекеннің өткір мәселесін шешу келер жылы жүзеге асырылады.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі:
Ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға басты назар аударып жатырмыз. Келесі жылы қалаға қарасты 7 ауылдық округ пен 2 кентті абаттандыруға 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінбек.
Ауыл өркендеп келеді. Күрделі мәселе ауызсу еді, ол да шешілді. Жолдар тақтайдай түзу, орталыққа қоғамдық көлік үздіксіз қатынап тұр. Ауылдағы ағайынның ендігі тілегі көп күттірмей көгілдір отын келсе дейді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ