2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап теміржол транспортының жолаушылар тасымалы тарифінің бағасы көтерілді. Оның құны 7 пайызға өскен. Енді теміржол қызметі шығынын азайтып, жұмысын жақсартуды да көздеп отыр. Сондай-ақ елімізде кейбір азық-түлік бағасының құны да өсіпті.
Студент Әмина Нұрдәулетова Орал мен Астананың ортасында кем дегенде айына бір рет қатынайтын. Енді жол жүру қиынға соғып кеткенін айтып налиды бойжеткен. Себебі,билет бағасы қымбаттады. Одан да жеңіл көлікпен жүрген тиімдірек дейді ол.
Әмина Нұрдәулетова, студент:
Бұрын билетті 4 мыңға алатынмын, қазір бағасы 5 мыңға көтеріліп кетті. Бізге тиімсіз. Пойыздың сапасы жақсарса екен деп ойлаймын.
Айта кетейік, облысаралық және халықаралық бағыттағы барлық типтегі вагондарының бағасы 7 пайызға қымбаттаған. Соңғы жеті жыл ішінде елімізде теміржол ақысы 75 пайызға қымбаттапты.
Тасымалдаушы кәсіпорын тарифтің өсуіне басты себеп ресурстардың қымбаттап кетуі дейді. Бағасына қарай сапасы демекші, қызмет көрсету жұмысы да жақсара түспек. Мысалы 5 бағыт бойынша жоғары жылдамдықты пойыздар жүргізіледі.
Аян Шалмағанбетов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы:
Бұл тариф көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына сай, шығынды азайту мақсатында бекітілді. Жүрдек жолаушы пойыздарының қозғалысын ұйымдастыруға байланысты теміржолдарды жақсартуға зор көңіл бөлінбек. Жолдарды жөндеу, инфрақұрылымдарды жаңарту-жаңғырту жұмыстары қарқын алатын болады.
Сондай-ақ елімізде азық-түлік те қымбаттады. Өткен айда жұмыртқа бағасы - 16,3 пайыз, қызанақ 13,7 пайыз, қияр - 9,5 пайыз, картоп - 1,8 пайыз, күнбағыс майы - 1,4 пайыз және макарон өнімдері - 0,5 пайызға өскен. Ал Үкімет басшысының айтуынша 2014 жылы темекі мен алкоголь өнімдеріне акциз бағасы екі есеге дейін артады, ал 2016 жылы үш есеге көтеріледі.
Халық пікірі:
Арақтың көзін құрту керек. Қымбаттағаны дұрыс.
Арақтың қымбаттағаны дұрыс емес. Ақша кетеді ол араққа. Алам деген адам алады.
Таяқтың екі ұшы бар. Алкогольге акциздер артқандықтан 2020 жылға қарай біз Кеден одағындағы негізгі әріптестерімізбен алкоголь өнімдеріндегі акциздер бойынша теңесе алатын боламыз. Тиісінше бюджетке түсетін қаржы да көбейеді деген сөз.
Индира БЕГАЙДАР