Қызылорда қаласында 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ұзақ жылдар бойы құлайын деп тұрған баспанада әр күнді уайыммен өткізген тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Титов кентіндегі №24 үйді мамандар әлдеқашан апатты деп таныды. Бірақ, тұрғындардың басқа барар жері болмағандықтан осында тұрып келді. Мәселені айтып, құзырлы орындарға жыл сайын барушы еді. Олардың жанайқайына билік биыл ғана құлақ асты. Облыс әкімі жағдаймен өзі танысып, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді. Нәтижесінде, небәрі 3 айда 24 пәтерлі тұрғын үй салынды.
Рая Жанбаева, №24 үйдің тұрғыны:
Түнде ұйықтаған кезде жанымызды шүберекке түйіп жатамыз. Жүрегімізді ұстап, дірілдеп жатамыз. Бала-шағаларым бар, кішкентай немерелерім бар, солар қызық көрсе екен, жақсы үйде тұрса екен деп армандап едім, бүгін менің арманым орындалып жатыр.
Жаңа жыл қарсаңындағы үлкен жаңалыққа тұрғындар дән риза. «Бір күні үйіндінің астында қалмаймыз ба?» деп әрбір күнді қорқынышпен өткізген олар жаңа баспанаға келіп, арқа-жарқа болып жатыр.
Күлсін Махамбетова, №24 үйдің тұрғыны:
Жаңа үйдің аты жаңа ғой. Қуаныштан толқып тұрмын. Бәріне де рахмет айтамын.
Аз уақыттың ішінде бой көтерген үйдің сапасына мердігер компания кепілдік береді. Кем-кетік жерлері болса жөндеп беруге олар мүдделі.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Титов қыстағындағы үйлердің дені апатты жағдайда. Яғни, әлі де жүздеген тұрғын құлайын деп тұрған баспанада өмір сүріп жатыр. Осыған орай облыстық бюджеттен келер жылы қаражат бөлініп, 400 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үй салынады. Сонымен, бұл мәселеген нүкте қойылады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ