Мемлекеттік бағдарлама бойынша 790 адам жұмыс тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік бағдарлама бойынша 790 адам жұмыс тапты

04.01.2014
Мемлекеттік бағдарлама бойынша 790 адам жұмыс тапты
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының халыққа берер шарапаты мол. Оны халық та түсініп үлгерді. Қазір тұрғындар жұмыс тапқысы келсе немесе бизнес ашу үшін осы бағдарламаның жәрдеміне жүгінеді. Өйткені тың бастаманы мемлекет қолдауға әзір. Әсіресе жасы 50-ден асып кеткендерге барынша көмек көрсетіледі.
 
Любовь Герасимованың мамандығы  - тігінші.   Тоқырау жылдары жұмыс таба алмай үйде отырып қалды. Былтыр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы әлеуметтік жұмысқа орналасқан болатын.  Қазір шеберханада еңбек етіп жүр.
 
Любовь Герасимова, тігінші:
Жасың келген соң жұмыс табу да қиын болады екен. Бастапқыда хабарландыру бойынша жұмыс сұрап баратын едім, бірақ маған қарайды да кешіріңіз, бірақ сізге жұмыс жоқ деп шығарып салады. Біраз мекеменің табалдырығын тоздырдым. Тіпті еден жуу сияқты жұмыс болса деп те ойлағанмын. Бірақ жолым болып, осы бағдарлама арқылы жақсы жұмыс таптым.
 
Жұмыс сұрап келген жасамыстардың дені ауылды жерден облыс орталығына қоныс аударғандар. Көбі ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткендіктен қайта даярлау курстарынан өтеді.
 
Мереке Мұхамедияров, Петропавл қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Қазір жұмыс іздеп кезекке тұратындар өте көп. Жасы келіп қалған адамдарға барынша қолдау көрсетіледі. 50-ден асып кеткендерге жеке фирмаларда жұмыс бергілері келмейді. Өйткені олардың зейнет жасы да таяп қалған. Сондықтан олар біздің көмегімізге жүгінеді.
 
Жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігіне халық көз жеткізді. Сондықтан мекемелердің табалдырығын тоздырып тауы шағылғандар жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жасы 50-ден асқан 790 адам жұмыс тапты. Оның 424-сі Петропавл қаласында.
 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу