Түркиядан істің қыр-сырын үйрететін тәжірибелі маман шақыртты. Қазір олар жасап жатқан өнімдерді тұтынатындардың саны күрт артып келеді. Тұрмыстық заттардың сапалы, әрі бағасының көкейге қонымды болуы қолға алған тірліктің алға жылжуына көп септігін тигізіп отыр.
Бұл идеяны іске асыруға Серікті қарапайым қажеттілік итермелепті. Мәрмәр тастан жасалған дүниені базардан таба алмай, тапқан күнде де бағасы қымбат болған соң, оны өзі жасап шығаруға бел буған.
Екі жылға жуық уақыт ізденді, жан-жақты ақпарат жинады, шетелдік әріптестерінен ақыл-кеңес алды. Мемлекет тарапынан қолдау болған соң, «Бизнестің жол картасы» арқылы қайтарымсыз грант алып, істі бастап кетті.
Серік Дәрібаев, кәсіпкер:
6 миллион теңгедей қаражат грант ретінде беріліп, осы жұмысты бастап жатырмыз. Сұраныс өте жақсы, сапасы да жақсы. Құдай қаласа, экспортқа шығаратын ойымыз бар. Қазір тапсырыстарға байланысты жұмыс жүріп жатыр.
Мұндай дүниелерді жасап шығару үшін Қаратау мәрмәрінің ұнтағы пайдаланады. Бағасы арзан, шикізат қоры мол. Содан қажетті формадағы қалыпқа салып, түсін таңдап, дайын тауар етіп шығарады. Қарапайым үстелден бастап үлкен хауызға дейін жасауға болады.
Эрдал Гюл, технолог:
Бұл кәсіптің келешегі зор. Қазір міне, 1,5 ай болды жұмыс бастадық, осының өзінде тапсырыс көптеп түсіп жатыр. Қажетті шикізат жетеді, осындағы жігіттер істі жақсылап үйреніп алса, үлкен деңгейге көтеруге әбден болады деп ойлаймын.
Биыл аймақта Серік секілді кәсіп ашамын дегендерге мемлекет 90 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант берді. Оған 22 адам тірлігін бастап, жаңа жұмыс орындарын ашты.
Пайдалы іспен айналысамын дегенге мемлекет көмегін аяп қалмайтынына қазір кәсіпкерлердің әбден көзі жетті. Сондықтан, өз жобаларын кәсіпкерлік басқармасына ұсынып, несие алуға ниеттенгендердің қарасы мол.
Нұржан МЕРГЕНБАЙ