Жаңа жыл көптен бері көрмеген жақын-жуығыңмен, дос-жаранмен сағынысып көрісуге себепші мереке. Жылқы жылын батысқазақстандықтар да барынша сән-салтанатымен қарсы алды. Солардың бірі - Тілеш ақсақалдың шаңырағы. Игі дәстүр бойынша биыл да ақ дастарқан басына алыс-жақындағы ұл-қыздары мен немерелері жиналды.
Жаңа жыл Тілеш ақсақалдың асыға күтетін мерекесі. Өйткені бұл күні құлындай құлдыраңдаған немере-жиендері қонаққа келіп, қария бір жасап қалады. Бүгінде балғындарының тақпағын тыңдаған атасы ақ батасын беріп, аман-есен ер жетулерін тіледі.
Тілеш Нұрмұханов:
Әрқайсысы Жаңа жылмен құттықтап, қуаныштарымен бөлісіп жатыр. Бұл менің істеген еңбегімнің, отбасы достығының, бірлігінің арқасында. Мен қазір бірталай жасқа келсем де осыларды көргенде, немерелерімді көргенде өзім бек қуаныштымын.
Балақайлар атасын қаумалап жатқанда, олардың әжесі сыйлық әзірлеп әлек. Шүкір, 19 немере-жиенім мен 3 шөбереме қажет тәттілер мен ойыншықтарды алуға зейнетақым молынан жетеді дейді, Қазиза апай.
Қазиза Әдиетова:
Немерелеріме сыйлық әзірлеп жатырмын. Келгенде қуанып қалсын деп, оларда біздерді қуантып сол тақпақтарын айтады келіп, өлеңдерін айтады.
Қазан-ошақ басында да қайнаған тірлік. Мұнда шаңырақтың келіндері мерекелік дастархан әзірлеуде.
Нұргүл Нұрланқызы, келіні:
Осы шаңыраққа келгеніме 14 жыл уақыт өтті. Осы 14 жыл уақыт ішінде жылма жыл біздер шаңырақта жаңа жылды тойлаймыз. Енді өзіміздің жаңа жыл дастарқанымызда әрдайым мамамыз өзінің дәстрүрге айналған қиықша тағамдарын, қазы-қарта қазақтың барлық тағамдарды осы дастарқанға жаямыз.
Жаңа жылқы жылынан Нұрмұхановтар отбасы тек жақсылықты күтеді. Елімізге береке-бірлік тілейді.
Рауан ДИӘЛИ