Қарағанды облысында малды асылдандыру, ет-сүт өндіру және оны өңдеу ісі қарқынды дамып келеді. Бұған Абай ауданына қарасты Топар елді мекеніндегі шаруашылық жұмысын мысал етуге болады. Шаруа қожалығы құрылғанына бірер жылдан енді асқанымен асыл тұқымды ірі-қара санын көбейтіп, ет және сүтті молынан өндіруде.
Бұл аумақ бұрын бос қалған жылыжай кешенінің орны еді. Ал, қазір осында Чехиядан әкелінген асыл тұқымды сиырлар өсірілуде. Ол үшін «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау қорынан 150 миллион теңгеден астам қаржы несие түрінде берілді. Әу баста сиыр саны 290 болса, бүгінде 600-ге жуықтады. Семіртсең 700 келі дейін ет беретін салмақты, әрі сүтті тұқым, дейді шаруашылық иесі.
Саят Әбдірайым, серіктестік директоры:
Бұл шаруашылықты ашу үшін «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік кешені қаражат бөліп, соған мал әкелінді, сауын орны, сүт өңдеу цехы салынды.
Серіктестік мал межелі санына жеткенде ет өндіру ісін жандандырмақшы. Әзірше сүтті өндіріп, оны өздерінің арнайы ашқан цехында өңдеуді мықтап қолға алған. Мұнда тіпті маңайдағы шаруашылықтар да келіп сүт тапсырады. Таза, ұнтақ қоспасынсыз өнімге сұраныс зор. Қазір Абай, Саран, Қарағанды қалаларындағы дүкендерде самсап тұр.
Дмитрий Цой, цех басшысы:
Келешекте цехты кеңейтеміз. Қазір күніне 3 тонна сүт өңдеп шығарып жүрміз. Ал, болашақта 25-30 тоннаға дейін көбейтпекпіз. Цехта 12 адам бар. Тағы қосымша 5 адам керек болады.
Оылайша кешенді түрде жұмыс жүргізіп жатқан серіктестікте қазір 30-дан астам адам еңбек етеді. Келешекте шаруашылықты кеңейтіп, тағы қосымша жұмысшылар алмақшы.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ