Геннадий Головкин әлем чемпионы атағына таласады. IBF нұсқасы бойынша үздік атану үшін ол украиналық былғары қолғап шебері Сергей Деревянченкомен жұдырықтасуы тиіс. Кеше халықаралық бокс федерациясы осындай шешім шығарды. Енді боксшылардың командасы жекпе - жектің күні мен орнын таңдауы керек. Тараптарға 30 күн беріліп отыр. Егер 4 қыркүйекке дейін олар келісе алмаса, онда промоутерлік сауда өткізіледі. Бұған дейін IBF атағын мексикалық Сауль Альварес иеленіп келді. Алайда міндетті үміткер Деревянченкомен жұдырықтасу жайлы келісе алмағандықтан ұйым белбеуді қайтарып алды. Еске сала кетейік, Геннадидің кәсіпқой рекорды — 39 жеңіс, оның 35-і нокаутпен. Сондай-ақ Головкин бір рет тең түсіп бір мәрте жеңіліске ұшыраған. Ал украиналық боксшы кәсіпқой алаңда 13 рет қарсыласынан басым түсіп, бір мәрте ұтылып қалған.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ