2020 жылы өтетін футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында еліміздің ұлттық құрамасы ертең Брюссельде Бельгия құрамасымен ойнайды. Бас бапкер Михал Билек бастаған құрама мүшелері түнде Бельгияға жетті. Футболшыларды әуежайдан Қазақстанның осы мемлекеттегі елшілігінің қызметкерлері мен жанкүйерлер күтіп алды.
Еліміздің эстрада жұлдыздары да жерлестеріне қолдау көрсету үшін арнайы келіпті. Жалпы, Қазақстан мен Бельгия құрамалары осымен үшінші рет Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта сынға түсіп жатыр. Қос команда 2008, 2012 жылдардағы біріншіліктің іріктеу кезеңінде «А» тобында ойнаған. Бұл жолы «I» тобында жолдама үшін таласуда.
Лидия Жукова, жанкүйер:
- Біз ұлттық құрамаға ұшақтан түскеннен қолдау көрсетіп, өзіміздің ыстық ықыласымызды жеткізу үшін әуежайға келдік. Бельгия жеріндегі ойын сәтті өтсін деп тілейміз. Қазақстандағы, Еуропадағы жерлестер - бәрі футболшыларымызға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан, жігіттер, өршіл болып, намысты қолдан бермеңіздер.
Нұрсұлу ҚАСЫМ