Мәскеу қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен Ресей чемпионаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен Ресей чемпионаты өтті

18.02.2019

Сайысқа 25 өңірден 35 палуан қатысты. Олар 8 салмақ дәрежесі бойынша күресіп, үздіктерді анықтады. Жарысты ұйымдастырған - Мәскеу қалалық қазақ күресі федерациясы.

Олардың айтуынша, бұған дейін қазақ күресінен тек студенттер арасында түрлі турнирлер өткізілген. Алайда, соңғы жылдары бұл спорт түрімен айналысатын жастардың саны артқандықтан, биыл бірінші рет Ресей біріншілігі өткізіліп отыр. Енді осы сайыстан үздік шыққан палуандар Еуропа чемпионатына қатысады.

Наиль Якубалиев, Мәскеу қалалық қазақ күресі федерациясының бас директоры:

- Біздің мақсатымыз - қазақша күресті Ресей жерінде насихаттау. Себебі кейбір жұрт қазақша күресті самбодан шыққан дейді. Ал, негізінде қазақша күрес болмаса, самбо да болмас еді. Сондықтан біз қазақша күреспен айналысатын палуандардың санын барынша көбейтіп, келешекте бұл спорт түрі Олимпиада бағдарламасына кірсе екен дейміз. Енді мұндай чемпионат Ресейде жылда өтіп тұрады.

Равиль Нұғыманов, Бүкілресейлік күрес федерациясының вице-президенті:

- Қазақша күрес біздің татардың күресіне қарағанда анағұрлым ауқымды әрі түрлі әдістер жасауға болады. Ол қазір әлемде ең қатты дамыған күрес түрі саналатын дзюдоға ұқсайды. Кезінде дзюдо жапондардың ғана ұлттық спорты болатын, кейін жаһанға тарады. Сондықтан қазақша күрес те тез дамиды деген ойдамын. Біз өз тарапымыздан оған қолдан келгенше көмектесуге дайынбыз.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу