Шығыс Қазақстан облысында бүркітшілер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында бүркітшілер сайысы өтті

04.02.2019

Қыран құсын қолына алып, жүйрік атын тақымдаған саятшылар бұл жолы Тарбағатай ауданында бас қосты. Ересектер арасындағы бүркітшілердің 13-ші республикалық чемпионатына еліміздің әр өңірінен ең мықты құсбегілер жиналды. Барқытбелдің баурайында бас қосқан жұрт бүркіт, қаршыға, ителгі баптаған жігіттердің өнерімен қоса, тай жарысын да тамашалап қайтты.

Қазақылықтың  қаймағы бұзылмаған Тарбағатай өңірінде бұрын бүркітшілер көп болған. Бірақ, кейінгі жылдары осы өнер кенжелеп қалды. Сондықтан, Ақсуат ауылына елдің түпкір-түпкірінен құсбегілер келетінін естіген жұрт жарыс болатын жерге ерте  жиылды. Бабадан қалған дәстүрді баласына көрсетіп, құс баптағандармен емен-жарқын сөйлесті. 

Төлеубек Мұқамадиев, Шеңгелді ауылының тұрғыны:

- Бүркітті әкеліп, ұшырып, балаларға көрсетіп жатқаны керемет қой. Теледидардан көргенше, балалар өз көзімен көргені керемет нәрсе. Қызуғушылықтары оянады. Менің тазымды көріп жатыр. Бұл бір жылда 35-40 түлкі ұстаған тазы ит, кезінде қасқырға түскен. Балалар көрсін деп тазымды да алып келдім. 

Саятшылар жиналған қауымға қыран құстың бабын көрсетіп бақты. Қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшу секілді жарыстың әр кезеңі  өте тартысты өтті. Тірлігі жарасымды Тарбағатай мен Үржар ауданы азаматтарының  бекзада өнерді жаңғыртқан ауызбірлігі елді сүйсіндірді.

Тәттімбет Кәпұлы, құсбегі:

- Бүркітшілігімізді, саятшылығымызды, ата-бабадан қалған өнерді жалғастырып, кейінгі ұрпаққа қалдыру – негізгі мақсатымыз. Сондықтан, осы Тарбағатай өңіріне, Ақсуат ауылына құс беріп отырғанымыздың өзі, біздің ізімізді жалғайтын інішектер, жас буын шықсын деген ниет.

Тарбағатай ауданында қазақ күресі, ұлттық ат спорты жақсы дамыған. Әлемдегі ең мықты апай төс, бура сан палуандар осы өңірде жиі жиналады. Екі ат спорт мектебі жұмыс істейді. Аудан басшылары енді құсбегілікті де дамытуға қолдау көрсетпек. 

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Құсбегілікті ары қарай дамытудың бір жолы  - мұғалім дайындау. Бізде өнер мектебі бар, соның ішінен үйірме жасап, штат ашып берсек. Сонда біз ара қарай дамытатын боламыз.

Жарыс кезінде қаршыға мен ителгіні кептерге салды. Жарыстың шарықтау сәтінде бүркіттердің  емін еркін аңға түскені көптің делебесін қоздырды. 

Бұл жарысты тай-құнан мінген тарбағатайлық балалар да асыға күткен-ді. Құсбегілермен қатар, олар да бәйгеге қатысып, өзара мықтыларын анықтады.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу