Алматыда 8 айлық нәресте суда жүзуден спорт шебері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 8 айлық нәресте суда жүзуден спорт шебері атанды

07.12.2018

Кішкентай чемпиондар! Алматыда 8 айлық нәресте суда жүзуден спорт шебері атанды. Қалалық деңгейде өткен чемпионатта 50-ден аса сәби өзара бақ сынасты. Жарысқа қатысушылардың ең кішісі - 3,5 айлық шақалақ. Олар суда жүзуден жарысқа түсіп, шеберліктерін көрсетті. Тіпті, бассейннің түбіне сүңгіп, ойыншық алу, сақиналардан өту, арқанмен жүру сияқты негізгі ережелерді ересектерден қалмай орындады.

Алматыда кішкентай нәрестелер суда жүзуден бақ сынасты. Солардың бірі - 8 айлық Полина Малютина. Сайысқа алғаш рет қатысқандардың көрсеткен нәтижесі жаттықтырушыларды таңқалдырып отыр. Полина 20 метрлік қашықтықты 20 секундта жүзіп өтті. Осылайша, ол нәрестелер арасында суда жүзуден спорт шебері атанды.

Алиса Королева, Полина Малютинаның анасы:

- Біз тамыз айынан бастап жүзумен айналысып жүрміз. 3,5 айлық кезден бастап жаттығуларға үзбей қатысамыз. Жарыс кезінде спорт шебері атағына лайықты екенімізді дәлелдедік. Ендігі мақсатымыз - жазда өтетін жарысқа дайындалу.

Кішкентайлар арасында жүзуден өткен 5-ші чемпионатқа Даун синдромына шалдыққан науқас бөбектер де қатысты. Балақайлар судың ішінде жаттықтырушылар үйреткен әр жаттығуды ерекше ықыласпен орындады. Әсіресе, су түбіне сүңгіп, ойыншық алу, сақиналардан өту, арқанмен жүру - нәрестелердің сүйікті ісі.

Алина Кужахметова, жаттықтырушы:

- 1 жасқа дейінгі балаларды суға түсіріп, жаттықтырған өте пайдалы. Суда жүзу балаларды физиологиялық жағынан дамытады. Шымыр, төзімді етеді. Табандылыққа үйретеді. Қатарластарынан ерте еңбектеп, сөйлейді.

Қазір еліміз бойынша сәбилер арасында жүзуден спорт шеберлігіне үміткерлер саны - 23. Бәсеке нәтижесінде, бүлдіршіндер арасындағы жүзуден 9 спорт шебері, 13 спорт шеберіне үміткер анықталды. Енді кішкентайлар 1-ге толғасын жас ерекшелігіне байланысты келесі кезеңге өтуі тиіс. Ал, мамандардың пікірінше, сәбилер туа салысымен жүзе алады.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу