Спорт алаңдары салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спорт алаңдары салынды

29.11.2018

Елбасы қазан айындағы Жолдауында спорт кешендерінің қолжетімді болуын ерекше тапсырды. Аулалық спорт алаңдарын көптеп ашуға да назар аударған еді. Аталған жұмыс бүгінде қарқынды іске асырылып жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Менің елім» бағдарламасы аясында бүгінге дейін қордың  қаржысына 10  өңірде осындай спорт алаңдары салынып, ел игілігіне берілді.

Тұрғын үйдің ауласындағы мына алаң Бағдәулеттің күнделікті жаттығатын орны. Мұнда денені шынықтыруға керектінің барлығы бар. Сергектік пен салматтықты қалайтын жасөспірім күнде таңертең достарымен осында келеді.   

Бағдәулет Қанай, Шымкент қаласының тұрғыны:

Біз бұрын  жаттығу үшін қаладағы спорт кешендеріне баратын едік. Ол жер білесіз, өте қымбат. Ал қазіргі таңда осы жер салынғалы бері азанғы уақытта ерте тұрып, жүгіріп, мына алаңда футбол ойнаймыз. Жаттығу жасаймыз. Бұл біздің денсаулығымызға өте пайдалы.

Әмбебеп спорт алаңы спортпен кәсіби тұрғыда шұғылданып жүрген жастардың да жаттығу өткізетін орны. Футбол спорт мектебінің тәрбиеленушілері аптасына 4 рет осында доп тебеді.Оны алып жүрудің айла тәсілдерін үйренеді. Қазір Шымкентте осындай екі алаң бар.

Нұрсұлтан Зұлпыхар, спорт мектебінің тәрбиеленушісі:

Бұл жасанды алаң. Яғни, қатты жарақат алмайсың. Жаттығу жасағанға ыңғайлы. Талапқа сай. Бәрі таза, жақсы дайындалған. Қыста да, жазда  да жаттығуға болады.

Жалпы көлемі 1 мың 280 шаршы метр болатын әмбебап аумақ: футбол cтадионынан  хоккей кортына айналатын алаңнан, жаттығу аймағы мен балалар ойын алаңшасынан тұрады.

Олардың табаны жасанды көк шөппен, ал балалар алаңы мен жаттығу аймағы денені жарақаттамайтын резинадан жасалған тартан материалымен жабылған. Тағы бір  ерекшелік алаңдар инклюзия элементтерін қамтиды. Бұл ерекше қабілеті бар балаларға арналған.

Мирас Іргебаев, «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының департамент директоры:

Алаңдарды орнату барысында Қор еліміздің 10 аймағын қамтиды. 41 әмбебап спорт және ойын алаңы , 11 жаттығу алаңы үлкен қалалармен қатар, шалғай аудандар да орнатылды. Бұл алаңдар тек жаттығу жасайтын аумақ қана емес, сонымен қатар ата-аналар мен балалар серуендеп , уақыт өткізетін және өзара қарым-қатынастарын түзейтін жерге бағытталған.  

Қордың қолға алған  бұл ісі келер жылдары да жалғасын табады. Жалпы, «Менің елім» бағдарламасының басты мақсаты - халықтың саулығын жақсарту.  Және өңірлердегі өмір сүру сапасын Астана және Алматы қалаларындағы деңгейге жеткізу болып отыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу