Макгрегор мен Хабиб Нұрмағамбетов арасындағы кездесуді «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары тікелей эфирде көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Макгрегор мен Хабиб Нұрмағамбетов арасындағы кездесуді «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары тікелей эфирде көрсетеді

05.09.2018

«Жекпе-жек турнирлері ішіндегі шоқтығы ең биік «UFC» бұдан былай қазақ тілінде де сөйлейді». Орталық коммуникациялар алаңына келген «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин осылай деді. Ұзақ мерзімді келісімге сай, 2018-2019 жылдардағы маусымда 40-тан астам турнирді трансляциялау жоспарланған.

«Ultimate Fighting Championship» немесе «UFC» енді «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан көрсетіледі. Жылға жуық жүргізілген келіссөздер нәтиже беріп, «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұйымның біздің елдегі ресми серіктесі атанды.

Ерлан Қарин, «Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:  

-Біздің көрермендер осындай үлкен шараларды әдетте басқа елдің арналары арқылы қарайтын. Әлем чемпионаты, УЕФА ойындары болсын,  «UFC»-де енді қазақ тілінде сөйлей бастайды. Бұл да әлемдік ақпарат айдынында өз орнын иеленуге бір септігін тигізеді деп сенеміз.

Келісімге сай, «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары ел аумағында «UFC» жекпе-жектерін 1,5 жыл бойы көрсету құқығына ие болды. Әрине, жер жүзіндегі миллиондаған көрермен асыға күткен ирландиялық Макгрегор мен ресейлік Хабиб Нұрмағамбетов арасындағы кездесуді «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналарынан 6 қазан күні тікелей эфирде көре аласыз.

Ардақ Назаров, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы:

-Жаңа ғана мен «Instagram» желісінен Ерлан Қарин ағамыздың «UFC»- мен бір жылға контракті жасағанын көріп қатты қуандым. Бұл жалпы, Қазақ елі үшін, біздің Ұлттық арнамыз үшін үлкен жетістік. Өйткені, бүгінгі таңда біз жалпы «UFC»-ден болатын әлемдік додаларды, әлемдік жекпе-жектердің барлығын шетелдің каналдарынан көретінбіз. Енді «UFC»- ді өзіміздің қазақ тіліне комментаторларымыз  аударып, ұлттық каналдарымыздан көрсетейін деп жатыр. 

«UFC» алаңына шығу кез келген жекпе-жек шебері үшін зор мансап. Әзірге бірде-бір қазақстандық спортшы сегізбұрышты бағындырып көрген  емес. «UFC»-ге шығу үшін спортшы танымал, рейтингі жоғары және жанкүйерлері көп болуы шарт.

«UFC» дегеніміз жұдырықты оңды-солды сілтеу емес. Сонымен қоса, үлкен шоу. Әйтпесе, әлемнің 130-дан астам мемлекетінде өз өнімін өткізе алмасы айдан анық.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу