Азия ойындарының екінші күнінде Қазақстан қоржынына тағы екі медаль түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азия ойындарының екінші күнінде Қазақстан қоржынына тағы екі медаль түсті

21.08.2018

18-ші жазғы Азия ойындарының екінші күнінде Қазақстан қоржынына тағы екі медаль түсті. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте қазір 11-орында тұр. Ал, көш басында Қытай спортшылары, одан кейін Жапония және Оңтүстік Корея елінің құрамасы келеді. Алғашқы үштікке Азия ойындарының иесі Индонезия да жақындап қалды.

Джакарта мен Палембанг қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан қоржыны тағы медальдармен толықты. Алдымен таеквондошы қыз Фариза Алдоңғарова жартылай финалда тайпейлік қарсыласына жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты. 

Сарықұрлық ойындарында өз бәсекелерін еркін күрес балуандары аяқтады. Әсет Серікбаевтың шәкірттеріне Джакарта боз кілемінен бұйырғаны бір күміс, екі қола жүлде. Соңғы болып аса ауыр салмақта жерлесіміз Олег Болтин күресті. Алайда, белдесуде ол үндістандық қарсыласына жол беріп, жүлдесіз қалды.

Әйелдер күресінде де төрт салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі белгілі болды. Қазақстандықтарға әзірге бұйырғаны бір күміс. Ұлттық құраманың тәжірибелі спортшысы Жұлдыз Ешимова финалға дейін қарсыластарының барлығын жеңіп, Солтүстік Корея өкілімен болған белдесуде есе жіберіп, күміс жүлде иеленді.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу