Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында ұлттық спорт түрлері бойынша «Ұлы Дала рухы» фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Ауқымды концерттік бағдарлама аясында жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылды.
4 шілде – 16 қыркүйек аралығында өтетін жастар арасындағы фестиваль бәсекесіне республика бойынша 7073 спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізіледі.
Үш айдан астам уақытқа созылатын бұл фестиваль II кезеңге бөлінген. I кезең аймақтық іріктеу жарыстары. Алғашқы кезең бәсекесі төрт аймақта өтеді.
Бүгінгі жеребе тарту рәсімі бойынша өтетін Республикамыздың Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Солтүстік аймақтарындағы жарыстардың салтанатты ашылуы әр мерзімге белгіленген.
Атап айтқанда, 13-15 шілде күндері Шымкент қаласында Оңтүстік аймақ, 27-29 шілде күндері Ақтөбе қаласында Батыс аймақ, 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында Шығыс аймақ, 17-19 тамыз күндері Астана қаласында Солтүстік аймақ жарыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату ойындарының іріктеу бәсекелерін аймақтық өңірлерде, ал, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, бәйгенің іріктеу бәсекелерін Астанада өткізу жоспарланған.
Аймақтардағы іріктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққандары фестивальдің II кезеңіне өтеді.
Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндері аралығында өтетін ІІ кезеңге 250-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Фестивальдің II кезеңіңде жартылай финал мен финалдық бәсекелер тамашаланады.
Айта кетейік, шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.