Биыл «Қазақстан Барысы» турниріне 37 балуан қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Қазақстан Барысы» турниріне 37 балуан қатысады

28.06.2018

Жаңа облыс екі палуанға мүмкіндік сыйлады. Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде Оңтүстік Қазақстан облысының атынан іріктелген балуандар Түркістан облысының намысын қорғайтын болды. Осыған байланысты Шымкент қаласының атынан турнирге тағы екі балуан қосылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан Барысы» қорының төрағасы Арман Шораев мәлімдеді. Оның айтуынша, турнирдің жеңімпазына биыл бас жүлдені Президент тапсырады деп күтілуде. Жалпы, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі 1 шілде күні елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.

Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылғалы отырған беделді бәсекеге еліміздің 14 облысы, Алматы және Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен 37 үздік балуан қатысады. Оның ішінде былтырғы турнирдің жеңімпазы қатысушылар сапына іріктеусіз қосылды. Турнир «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Еркін Мұхамеджанов, «Qazaqstan» телеарнасының директоры:

- «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2012 жылдан бері «Қазақстан барысын» үзбей көрсетіп келеді. Әлемге танылған ұлттық спортты қашанда насихаттауға дайынбыз.

 

Азамат НҰҒЫМАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу