Ресейдің  басты алаңынан арнайы футбол паркі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің  басты алаңынан арнайы футбол паркі ашылды

25.06.2018

Бұл күндері Мәскеу қаласына жолыңыз түсе қалса, Қызыл алаңға барып доп ойнаңыз. Себебі, Ресейдің  басты алаңынан арнайы футбол паркі ашылды. Қазір бұл жер Әлем чемпионатына келген жанкүйерлер мен қала қонақтарының сүйікті орны.

Мәскеудің қақ ортасы. Кремльдің іргесі. Әйгілі Қызыл алаң қазір «Жасыл алаңға» айналды. Аумағы атшаптырым жерге созылған бұл парк тұтастай футбол тақырыбына арналған.

Анастасия Сметанникова, футбол паркінің қызметкері:

- Бұл парк 21-ші маусым күні ашылды. Енді ол Әлем чемпионаты аяқталғанша, таңертеңгі 10-нан кешкі сағат 10-ға дейін жұмыс істейді. Бұл жерде футбол жанкүйерлеріне арналған түрлі ойындар бар. Мұнда келген адам уақытын қызықты өткізсін деп, барлық жағдайды жасадық. 

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Футбол паркінде жанкүйерлер мен туристерге арналған неше түрлі қызық бар. Солардың бірі мына қақпашы-робот.

Паркте мұндай ойынның түр-түрі бар. Олардың барлығы ала доппен байланысты. Мәселен, бір жерде жанкүйерлер жиналып нағыз футбол ойнаса, тағы бір тұста үстел футболынан сайыс өтіп жатыр. Ал, мына бір бұрыш кішкентай балаларға арналған.

Евгения, ресейлік жанкүйер:

- Біз отбасымызбен Иваново қаласынан келдік. Бұл жер бізге қатты ұнады. Мұндай мерекелік көңіл-күйдегі Мәскеуді бірінші рет көріп тұрмын.

Майкл, АҚШ жанкүйері:

- Бұл жердегі атомсфера жақсы екен. Әлем чемпионатының өтіп жатқаны сезіледі. Мен АҚШ-тан арнайы келдім. Мәскеу қаласы ұнады.

Мәскеудегі Қызыл алаң десе, елдің есіне әдетте, әскери парад түсетін. Енді бұл маң жұрттың жадында футбол алаңы ретінде де сақталатын болды.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу