Алматыда «Қазақстан» корпорациясы ұсынған «Qazaqstan Fighter» реалити-шоуының іріктеу кезеңі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Қазақстан» корпорациясы ұсынған «Qazaqstan Fighter» реалити-шоуының іріктеу кезеңі басталды

22.06.2018
Алматыда «Қазақстан» корпорациясы ұсынған «Qazaqstan Fighter» реалити-шоуының іріктеу кезеңі басталды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы көрермен назарына «Qazaqstan Fighter» атты жаңа спорттық реалити-шоу ұсынады.  Осыған орай бүгін Алматыда аталмыш жобаның алғашқы іріктеу кезеңі өтті. Мықтыларды анықтайтын қазылар алқасының құрамында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстан ММА Федерациясының президенті Асылбек Дүйсенов, Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының директоры Самат Ерғалиев, «Alash Pride» промоутерлік компаниясының президенті Данияр Қасқарауов, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков, «Abadan» кәсіпқой жекпе-жек клубының президенті Нұрлан Қалтаев, каратэден Әлем чемпионы,  Әшім Қали және Қазақстан ММА федерациясының бірінші вице-президенті Анатолий Ким бар.  

Шара барысында қатысушыларға сәттілік тілеп, жобаның негізгі міндетіне тоқталған  «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Қарин: 

«Бұл жобаны көптен бері ойластырып жүрген едік. Арнайы мамандарды, сарапшыларды шақырып, бір жыл бойы пысықтап, реалити-шоуды бастау туралы шешім қабылдадық. Жобаның мақсаты – жекпе-жек өнерін кеңінен насихаттау, ел азаматтарын спортпен айналысуға шақыру. 
 

Елімізде жекпе-жек өнерінің жанкүйерлері өте көп. Сол себепті, көрермендердің сұранысына сәйкес осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Тағы бір көздегеніміз, бүгінгі қатысушылардың өнері арқылы жастарға арманға тек өздерінің еңбекқорлығы, төзімділігі, күш-жігерлері арқасында ғана жете алатынын көрсету. 

Жоба басталады деген хабар тарағаннан бастап 1000-ға жуық өтінімдер келіп түсті. Соның 250-і іріктеліп алынды. 100-і бүгін келіп отыр. Бүгінгі сайыста дайындығы жоғары 32 үміткер іріктеледі. Осы 32 үміткерден жобаға қатысатын негізгі 16 үміткер анықталады. Дәл осы 16 қатысушы бірнеше айға созылатын реалити-шоуда біздің арнайы дайындаған белбеуіміз үшін белдесетін болады», -деді.

«Qazaqstan Fighter» – көпбөлімді телевизиялық реалити-шоу. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы»  атағы үшін сынға түсетін болады. 

Жобаның мақсаты – спорт пен бәсекелестік рухты, салауатты өмір салтын дамытумен қатар, MMA кәсіби спорт түрін кеңінен насихаттау. Еліміздегі жаңа таланттардың есімдерін анықтап, отандастарымыздың спортта жеткен жетістіктері арқылы патриоттық сезімді дамыту. Жоба жеңімпазы 5 млн. теңге мен «Qazaqstan Fighter» арнайы белбеуіне ие болады. 

Іріктеу кезеңі бірнеше турдан тұрады. Финалдық кезеңге өткен 16 қатысушы Алматы қаласының маңында, Іле Алатауының баурайындағы спорттық базалардың бірінде арнайы жаттығады. Финалдық ойындар желтоқсан айында «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында өтеді.

Хабарламаларға жазылу