Әлем чемпионаты аясындағы фанаттар фестивалі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем чемпионаты аясындағы фанаттар фестивалі

20.06.2018

Ресейде өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионаты кезінде билеті болмай, стадионға кіре алмай қалған жанкүйерлер бас қосатын арнайы жер бар. Ол фанаттар зонасы немесе фанаттар фестивалі деп аталады. Бұл 2002 жылдан бері Әлем біріншілігінің ажырамас бөлігіне айналған мерекелік шара. Жаһандық доп додасының тарихында 4-ші рет өтіп жатқан фестиваль жайлы Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлының бейнематериалы.

Фанаттар фестивалі немесе фанаттар зонасы дегеніміз – футболсүйер қауымға арнайы салынған үлкен алаң. Бұл жерде қызуқанды жанкүйерлер де, барлық ойынды тікелей эфирден көрсететін алып экран да бар. Сондықтан, бұл жерге келген адам Әлем чемпионатының атмосферасын анық сезіне алады.

Мәскеу қаласындағы фанаттар зонасы 25 мың адамға арналған. Мұнда кез келген адам тегін кіріп, сүйікті командасының ойынын тамашалайды. Жеңіп жатса, көппен бірге қуанып, жеңілгенде елмен қоса қамығады. Қарақұрым қауыммен қараған футболдың әсері де зор.

Доминик Фрюгер, германиялық жанкүйер:

- Бұл жердің аурасы бөлек. Фанаттар фестивалінде адамдардың бәрі бір-біріне күліп амандасып, бірге фотоға түсіп жатады. Себебі, бәріміз де ортақ мейрам, үлкен футболды тойлап жатырмыз. Біз Германиядан келдік. Чемпионаттың барысы көңілді әрі қызық өтуде.

Ресей астанасындағы фанаттар зонасы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің алдындағы атшаптырым жерді алып жатыр. Бұл жерде футбол көрсетілімдерінен бөлек, түрлі жарыстар ұйымдастырылып, концерттер өтеді. Мұның барлығы, футбол фестиваліне келген жанкүйерлердің көңілін көтерудің қамы.

Евгений Никуленко, қазақстандық жанкүйер:

- Ресей чемпионатты керемет өткізіп жатыр. Қай жерге барсаңыз да бәрі көңілді. Фанаттар бүкіл әлемнен жиналған. Барлығы бір-бірімен тату.

Борис Казимиров, қазақстандық жанкүйер:

- Футболдың үлкені мерекесі өтіп жатыр. Ресейліктер оған жақсы дайындалған екен. Бізді «Қазақстаннан келдіңіздер» деп барлық жерде танып, жақсы қарсы алып жатыр. Мына жердегі фанаттар зонасы бізге ерекше ұнады.

Фанаттар фестивалі 2002 жылдан бері Әлем чемпионатының дәстүріне енген шара. Мұндай жанкүйерлерге арналған алаң, Әлем біріншілігі өтіп жатқан Ресейдің 11 қаласында да бар. Фестиваль чемпионаттың соңына дейін жалғасады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу