Мамырда «Халық барысы» анықталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамырда «Халық барысы» анықталады

11.04.2018

Алматыда 8 мамыр күні тұңғыш рет қазақтың белдесу күресінен «Халық барысы» турнирі өтеді. Палуандар ашық аспан астында, яғни, көкмайса үстінде күреседі. Осыған орай, баспасөз мәслихатын өткізген ұйымдастырушылардың айтуынша, алыптар аламанына Қазақстанның кез келген кәмелетке толған 18-ден 50 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. Қатысушының салмағы 70 келіден кем болмауы тиіс. Ниет білдіргендер мамырдың 7-не дейін Алматыға барып, тіркеуден өту керек. Жарысқа «Қазақстан барысы» мен «Әлем барысы» турнирінің жеңімпаздары жіберілмейді. Біле жүріңіз, белдесу күресінің қазақ күресінен айтарлықтар айырмашылығы бар. Әсіресе, киім үлгісінде. Спортшы қоңыр түсті шалбар киіп, беліне белбеу ғана тағады. Ал, кеудесі белуарға дейін жалаңаш болады.

Арман Шораев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:

- Біздің болжауымызша, 1-2 мың палуан жиналады. 8 мамыр күні таңертең басталып, күні бойы өтеді. Бір күн жетпесе, ертеңінде ары қарай жалғастырамыз. Жеңген адам «Халық барысы» деген атаққа ие болады. Одан бөлек, қомақты қаражатты қалтасына басады. Шамамен 20 млн. теңгедей.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында белгілі болған тағы бір жайт, алдағы уақытта журналистер арасында қазақ күресінен «Ақпарат барысы» турнирі өтуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық арна тілшісінің сұрағына жауап беру барысында белгілі болды.

Арман Шораев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы:

- Біраз әріптестеріммен сөйлесіп, биыл «Ақпарат барысын» өтізетін болдық. Мүмкін журналистика күніне орайластырармыз. Әйтеуір, дайындалыңыздар. 20 миллион болады деп айта алмаймын. Бірақ, қомақты жүлде қоры боларын біле жүріңіздер.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу