24 жастағы Гүлмира Нұғманова ММА тұжырымы бойынша және джиу-джитсу жекпе-жектерінде топ жарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

24 жастағы Гүлмира Нұғманова ММА тұжырымы бойынша және джиу-джитсу жекпе-жектерінде топ жарып жүр

08.03.2018

Талдықорғанда ерекше спорт түрімен айналысатын қыз тұрады. 24 жастағы мүғалім Гүлмира Нұғманова ММА тұжырымы бойынша және джиу-джитсу жекпе-жектерінде өнер көрсетіп, түрлі додаларда топ жарып жүр. Былтыр ғана Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп жүрген ұстаз әрі білекті қызбен өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы сұхбаттасып қайтты.

Жүрек қалауымен ұстаздықты таңдаған Гүлмира Нұғманова қазір екінші сынып оқушыларына сабақ береді.  Джиу-джитсу жекпе-жегімен шұғылданып жүргеніне төрт жыл. Гүлмираның айтуынша, спорт ұстаздық етуге кедергі емес.

Гүлмира Нұғманова, бастауыш сынып мұғалімі, Қазақстан Кубогының иегері:

- Екі мамандықты қатар алып жүруге еш қиналмаймын. Алдымен мұғалім мамандығына тоқталатын болсақ, бұл кішкентай баланы тәрбиелеу. Болашақ президент тәрбиелеп отырған шығармыз. Сол себепті, рухани жағынан өзімді байытады десе де болады.

«Мұғалімнің спортпен айналысуы шәкірттердің сабаққа деген ынта-ықыласын арттыра түспесе, кемітпейді», - дейді Гүлмираның бапкері.   

Нұралы Аманқұлов, Алматы облысы құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Осы залдың арасында нақты Гүлмираның өзінің оқушысы бар. Соған қарап, оқушылар осы залға келіп шұғылданып жүр.

Бір қарағанда, талдырмаш нәзік қыздың джиу-джитсу әрі ММА тұжырымы бойынша жекпе-жекте өнер көрсетеді дегеніне сене қою қиын. Бірақ, көзіміз жетті. Қарсыласын алып жыққанда еріксіз таңырқайсыз. Дәл қазір спортты серік еткен мұғалім Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде. ММА-дан республикалық додада топ жарса, Азия, тіпті Әлем чемпонатына жолдама алуы ғажап емес.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу