Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкерлігі қызметіне бразилиялық Жозе Алесио Да Силва тағайындалды, деп хабарлайды afrk.kz.
Келісімшарт мерзімі, өзге де мәліметтер әзірге белгісіз. 48 жастағы маман бұған дейін Какаудың ұлттық құрамадағы және «Қайрат» командасындағы көмекшісі болған. Ел құрамасына 2015 жылдың қараша айында келсе, Алматы командасында 2014 жылдың қыркүйек айынан бері қызмет етіп келеді.
Футболшылық мансабын ол Бразилияның «Волторантин», «Интер Ульбра» және «Васко да Гама» командаларында доп тепсе, Ресейдің «Спартак», «ТТГ-Ява» ұжымдарында ойнаушы әрі жаттықтырушы болған.
Алесионың бастауымен Қазақстан Еуро-2018 турнирінің іріктеу ойындарын өткізеді.