Кәрім Мәсімов қатысуымен Астана марафоны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәрім Мәсімов қатысуымен Астана марафоны басталды

05.09.2016
Кәрім Мәсімов қатысуымен Астана марафоны басталды

Бүгін, 4 қыркүйекте елордада жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қайырымдылық мақсаттағы ірі халықаралық Астана марафоны басталды.
Аталған жарысқа байланысты бүгін таңғы сағат 8-ден 14:00-ге дейін Астанада бірқатар көшелерде қозғалыс шектеліп, осы ретте Орынбор көшесімен, Республика, Тұран, Абылай хан даңғылдары және шаһардың өзге де негізгі көшелері арқылы марафоншылар жүгіріп өтпек. Жарыс «Хан Шатырдан» басталып, сол жерден аяқталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай бағдар қонақтарға Астананы барынша көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті, яғни қазіргі заманғы марафондар туризмді дамытудың баламалы жолы, дейді  ҚазАқпарат.

Бүгінде шараға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Үкімет мүшелері, бірқатар отандық және халықаралық компаниялардың өкілдері, ел тұрғындары, Қазақстанда тіркелген елшіліктердің қызметкерлері, сондай-ақ алыс және жақын 25 шетелдің атлеттері қатысуда. Атап айтқанда, қазіргі кезде АҚШ, Бразилия, Германия, Ұлыбритания, Малайзия, Австралия, Бельгия, Иран, Ресей, Түркия, Грекия, Жапония, Өзбекстан, Қытай, Франция, Польша және басқа да елдердің азаматтары бар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы алғанда 5 мыңға жуық адам жүгіретіні жоспарланған.
Белгілі болғандай, шараға қатысушылар үшін Бурабайға және елордаға жақын орналасқан «АЛЖИР» мұражайына, сонымен қатар өзге де маңызды орындарға сапарлар жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, осы қайырымдылық марафоны елордада 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда. Марафон қашықтығы Астанадағы Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарын қамтып отыр. Осы ретте спорттық шара 4 санатта өтеді, яғни 42,2 шақырым, 21,1 шақырым, 10 шақырым қашықтықта жүгірулер ескеріліп отыр. Бұл марафон қайырымдылық жарыс болып табылатындығы белгілі. 2009 жылдан бері 24 млн. теңге жиналып, түрлі қайырымдылық ұйымдарға қолдау жасалды. 21,1 шақырымда нормативті орындаған қатысушыларға Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы беріледі.

Хабарламаларға жазылу