62 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық зілтемірші Фархад Харки ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарында бақ сынады.
Серпе көтеру сайысында қазақстандық өзінің бірінші мүмкіндігінде 135 келі салмақты бағындырды. Бұдан кейін ол екі рет 140 келіге тапсырыс берді, алайда, аталған салмақ Фархад Харкиге бағынбады. Осылайша, алғашқы сайыс қорытындысы бойынша 3-орынды иеленді.
Ал жұлқа көтеруде Фархад Харки бірінші мүмкіндігін мүлт жібермей, 190 келіні еңсергенімен, соңғы мүмкіндігінде 177 келі батпан темірді көтере алмады. Осылайша, қоссайыс қорытындысы бойынша (135+170) 305 келіні бағындырып, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Өз кезегінде аталған салмақ санатында 318 келі салмақты көтерген колумбиялық Оскар Фигероа (142+176) чемпион атанса, екінші орын индонезиялық Ираван Эко Юлиге бұйырды.
Айта кетсек, бұл - Қазақстан қоржынына түскен үшінші медаль. Бұған дейін Елдос Сметов күміс медаль, ал, Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль иеленген еді. Жалпыкомандалық есеп бойынша енді Қазақстан құрамасы 1 күміс, 2 қола жүлдемен 23-орынға жайғасты.