Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды

02.06.2016
Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды

Астанада көше баскетболынан ерлер мен әйелдер командаларының арасында әлем біріншілігі өтіп жатыр. Стритболдан «Астана Опера» театрының алдындағы ашық алаңдағы 3x3 форматындағы кездесулер 5 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлады.

Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) басқарушы директоры Алекс Санчестің атап өтуінше, Әлем біріншілігін өткізу үшін Қазақстанның таңдалуы кездейсоқ емес. Стритболды барша әлемде, соның ішінде біздің де елімізде дамыту көзделген. Оның айтуынша, арнайы турнир үшін доптың жаңа түрі жасалды, ол жабынымен және өлшемімен ерекшеленеді.

«2015 жылы Қазақстан турнирді өткізу мәртебесіне ие болды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам ойыншыны көріп отырмыз. Балалар үшін арнайы ойын алаңдарын салдық, 8-10 жастағы балалар стритболға әуес болады, біз үшін осындай көше мәдениетінің ұйымдасқан және белгілі бір бағытта дамығаны, салауатты өмір салтын ұстану маңызды», - деді Қазақстанның стритбол лигасының вице-президенті Асхат Ағыбаев.

Елордада ерлер мен әйелдер құрамалары бас жүлдені сарапқа салуда. Жарыс төрт топта өткізіледі. Бүгін ерлер командасы Румыния құрамасымен алғашқы ойынын өткізеді. Ал әйелдер Нидерланды командасымен шеберлік байқасады.

Астанада өтіп жатқан әлемдік додаға Жаңа Зеландиядан өткен жылғы үздік ойыншы Тай Виньярд та келді.

«Осында қайтып келу мен үшін үлкен құрмет, айналадағының бәрі керемет, қала жақсы дамып келеді. Шын мәнінде, барлық командалар да мықты, бірақ Австрия, испан командаларын ерекше атап өтпекпін, олар күшті, бір топты бөліп айту қиын. Осында болғаныма қуаныштымын, меніңше, бұл тамаша бірлескен жұмыс болады», - деп спортшы өз ойымен бөлісті.

Чемпионатқа келушілер қызықты ойын-сауық бағдарламасын тамашалайды. Үлкен аумақта баскетболдан және стритворкауттан шеберлік сыныптары өткізіледі, алғаш рет фристайлерлер мен ұшатын баскетболшы-акробаттар өнер көрсетеді.

Айта кетейік, осы күндері жаппай көше турнирлері, соның ішінде Астана кубогы да ұйымдастырылады, оған 10 жастан асқандар қатыса алады. 

Хабарламаларға жазылу