Инчхон-2014. 26 қыркүйек. Бүгін Дмитрий Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инчхон-2014. 26 қыркүйек. Бүгін Дмитрий Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды

26.09.2014
Инчхон-2014. 26 қыркүйек. Бүгін Дмитрий Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды

Бүгін қазақстандықтар спорттың 15 түрінен сынға түсті.

Таңертең 50 метр қашықтықтан үш түрлі позициядан винтовкадан оқ ату жарысында әйелдер құрамасы (Ольга Довгун, Елизавета Лунина мен Александра Малиновская) қола медаль иеленген болатын.

Ал Ботакөз Исенова, Наталья Гурова және Наталья Юнусметова бастаған команда жылжымалы нысананы көздеу жарысында 6-шы болды. Наталья Гурова да жекелей сайыста 6-шы орында.

Теннисші Камила Керімбаева қытайлық Дуаньға ұтылып, ширек финалға шыға алмады.

Зілтемірші Сергей Истомин (105 келі) жұлқа көтеруде өзінде бар үш мүмкіндікте тапсырыс берген салмағын көтере алмай, медаль үшін жарысты жалғастыра алмады.

Біздің жағажай волейболшыларымыз Катар спортшыларын ұтып, жартылай финалға өтті. Ал әйелдер командамыз қытайлық спортшыларға есе жіберді.

Триатлоншылар аралас эстафетада 5-ші орын алды.

Боксшы Қайрат Ерәлиев (56 келі) ширек финалға жұдырықтаспай өтсе (қарсыласы жарыс жолынан шығып қалды), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) сириялық спортшыны жеңді. Антон Пинчук (91 келі) та қарсыласын ұтып, келесі кезеңге өтті.

Садақ ату жарысында жекелей сайыста ешкім ширек финалға өте алмады. Ал командалық жарыста әйелдер құрамасы ширек финалда кореялық спортшыларға ұтылып қалды.

Көгалдағы хоккейші қыздар Жапонияға, баскетболдан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореяға жеңілді.

Су добынан ерлер құрамасы Гонконг спортшыларын жеңсе, волейболшылар Тайпэй 5 партиялық ойында ұтылды.

Зілтемірші Мария Грабовецкая (+75 келі) елімізге күміс медаль әкелсе, Ибрагим Берсанов (+105 келі) жарысты 4-ші орында аяқтады.

Батутта секіру спортынан қатысқан Әлиев 5-ші орын иеленді.

Жүзуші Дмитрий Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Ол бүгін 50 метр қашықтықтағы брасс әдісінде жеңіске жетті.

Медаль кестесі:

1. Қытай — 179 (91, 49, 39)

2. Оңтүстік Корея — 104 (31, 37, 36)

3. Жапония — 107 (30, 42, 35)

 

4. Қазақстан — 34 (8, 9, 17).

 

Инчхондағы Азия ойындарындағы Қазақстан құрамасының медальдары:

«Алтын» (8): Маргарита Елисеева (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), траптан әйелдер құрамасы (стендтік оқ ату), Дмитрий Баландин — үш (жүзу), ерлер құрамасы (теннис), Ольга Довгун (оқ ату);

«Күміс» (9): Алмас Өтешов, Зульфия Чиншанло, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Максим Раков, ерлер құрамасы (дзюдо), Екатерина Руденко — екі (жүзу), Светлана Германович пен Мария Васильева (академиялық ескек есу), Ришат Ливеншо (у-шу);

«Қола» (17): Александра мен Екатерина Немич, қыздар құрамасы (синхронды жүзу), Бақтияр Ыбраев, Андрей Могилевский, әйелдер құрамасы – бір, ерлер құрамасы – екі қола (барлығы – оқ ату), Ленария Меңғазова, Азамат Мұқанов, Мариян Ордабаева (барлығы — дзюдо), саблядан әйелдер құрамасы, шпагадан ерлер құрамасы (екеуі де — семсерлесу), әйелдер құрамасы (теннис), Нұрсұлтан Тұрсынқұлов (у-шу), Екатерина Артемьева мен Виктория Чепикова, ерлер төрттігі (барлығы — академиялық ескек есу), әйелдер құрамасы (су добы).

Хабарламаларға жазылу